Жамбыл облысында қоқыс полигоны тұрғындардың тынысын тарылтып отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жамбыл облысында қоқыс полигоны тұрғындардың тынысын тарылтып отыр

08.08.2023

«Жайылым жерді қоқыс алаңына айналдырды». Осылай деген Шу ауданындағы үш бірдей ауылдың халқы қоқыс полигонынан құтыла алмай отыр. Айтуларынша, аудан атқамінерлері 6 гектар аумақты тұрмыстық қалдықтар төгетін орынға айналдырған. Тынысымыз тарылды деген тұрғындар қоршауы жоқ қоқыс алабын көшірсін деп талап қойды.

Бұл қоқыстан құтыла алмай, мезі болған елдің жанайқайы. Мына төбе-төбе болып қалдықтар үйілген маң 3 жыл бұрын Еңбек, Төле би және Жиембет ауылдарына ортақ жайылым жер болған. Бірақ бүгінде қоқыс алабына айналып, қоршаусыз жатыр.

Данияр Әлімқұл , тілші:

Үш ауылдың ортасында орналасқан қоқыс полигоны тұрғындардың тынысын тарылтып отыр. Расымен де осында тасталған өлексе тұлыптары мен түрлі тұрмыстық қалдықтар иісі қолқаны қабады. Бұқара аумағы 6 гектардан асатын полигонның бақылаусыз жатқанына наразы.

Аузы-мұрнын жапқан ауыл адамдары жел тұрмаса екен деп тілейтін болған. Өйткені жел тұрса, шөптің басы қимылдамақ түгілі ауылдың төбесінен қоқыс жауады.

Ертай Іңкібаев, ауыл тұрғыны:

Қазір жайылым аз, ары қарай азайып кетті. Одан кейін мына қаңғыбас иттер малға шауып жатыр. Мына ішінде ит деген жетеді. 80-90 ит бар мұның ішінде. Мына салафон, қоқыстың бәрі ауылға қарай ұшады. Былай тұрса былай ұшады, қалай тұрады жел солай қарай ұша береді.

Жеңіс Жәутіков, ауыл тұрғыны:

Терезе ашпайсың, есіктің бәрі жабық. Терезеңді ашып қойсаң үйдің іші сасып кетеді. Далада жатпайды ешкім. Жайылым жердің быт-шытын шығарды. Міне көрдіңіз ғой, қоқыс төгіп, жан-жақтан, бақылау жоқ. Кім көрінген. Қыстың күні мысалы, кіре алмайды да анау жерге келіп төгіп кете береді.

Ал аудан әкімдігі бұл жердің қараусыз жатқаны қарауылдың жоқтығынан емес дейді. Күзеті бар екен. Бірақ соған қарамастан қоқыстың қоршауларын жымысқы қолдар қолды қылыпты. Енді коммуналдық меншіктегі полигонға жаңғырту жұмыстарын жүргізіп, жекенің қолына бермек.

Бақытжан Жәнібеков, Шу ауданының әкімі:

2024 жылдың еншісінде осы Шу қаласындағы, Төле бидегі өзекті болып тұрған полигонды қоршаймыз деп отырмыз. Адам тұратындай қылып жағдай жасап,қоршап бергеннен кейін, жағдай жасағаннан бастап сенімгерлік басқаруға, соларға береміз.

Бейберекет жатқан қалдықтар соңғы рет мамыр айында тазаланыпты. Енді қоқыс полигонына қожайын табылғанша тұрғындар жағымсыз иіске шыдауына тура келеді.

Данияр Әлімқұл


Хабарламаларға жазылу