Жолаушылар пойызға билет таппай жүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жолаушылар пойызға билет таппай жүр

01.08.2023

Жолаушылар пойызға билет таппай жүр. Есесіне делдалдар қай пойызға болса да билетті тауып беруге әзір. Қымбатқа саудалауда. Тіпті, алыпсатарлар бұл қызмет түрін ашық жарнамалауды доғарар емес. Алматылық әріптесім Әйгерім Ердәулет, вокзалға барып Астанаға жетудің машақатын біліп қайтты.

3 тамыз күні Алматыдан Астанаға жолға шығуды жоспарлаған Мейрамбек Жүнісов кешелі бері билет таппай жүр. Ал делдардар арқылы қымбатқа алғысы жоқ. Енді амалдың жоғынан 15 сағат таксиде отырып баруға мәжбүрмін дейді, - ол.

Мейрамбек Жүнісов, Алматы қаласының тұрғыны:

Делдалдардан алмаймын, оған шама жоқ. 15 мың болса 20-25 мың дейтін шығар олар. Оған шама мүлдем жоқ. Тамаққа өзі экономдап, бала-шағаның аузынан жырып алып кетіп бара жатырмыз ғой. Дұрыс емес қой ол, қарапайым халық бара алмай жүр ғой енді.

Алыпсатарлардың да қитұрқы әдісіне жолаушылар үйреніп қалғандай. Олар 45 күн бұрын түрлі бағыттарға ашылған билеттің көбін сол алыпсатарлар алып қоятынын айтады.

Батырхан Иманғалиев, Астана қаласының тұрғыны:

1-2 күннен кейін көрдік, билеттер резко азайып қалған, алып үлгердік. Мысалы 10 күннің ішінде бітіп қалса билет, маған ертең жолға шығу керек болса қайтем енді, еріксіз делдалдарға барам. Үстіне 4-5 мың теңгесін қосып алуға тура келеді.

Билет қос бағытқа да тек екі аптадан кейін бар. Оның өзін қазір алып қоймасаңыз таңға дейін түк қалмауы мүмкін. Ал ұялы телефон қосымшасынан таба алмаған билетті ашық жарнамадан іздесеңіз толып тұр. Тек бағасын хабарласып келісу керек. Бірақ, олардың нағыз әккі емес екендеріне ешкім кепіл бермейді.

Билеттің саудасы тура вокзалдың кіреберісінде-ақ қыз-қыз қайнап тұр. Астанадан бөлек, Маңғыстауға да жол билетін таппай жүрген жолаушыларды кездестірдік. Бәріміз де алыпсатарлардың аузынан шығатын бағаны күттік. Сөйтсек, билеттің негізгі құнын жолсеріктердің өздері қоятын болып шықты. Делдалдар үстінен өз ақысын қосып бізге былай деді.

«Жолаушылар тасымалы» мекемесі бұл жайтқа қатысты жауап береміз, бірақ дәл бүгін емес деп шығарып салды. Бір анығы, құн үстіне құн қосқан алыпсатарларға 70 мың теңге көлемінде ғана айыппұл салынады немесе 5 тәулікке дейін қамалады екен.

Әйгерім Ердәулет


Хабарламаларға жазылу