Елімізде мыңдаған адам діттеген жеріне жете алмай, вокзал кассаларын торуылдауға мәжбүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде мыңдаған адам діттеген жеріне жете алмай, вокзал кассаларын торуылдауға мәжбүр

19.07.2018

Өйткені, республика бойынша пойызға жақын күндерге билет жоқтың қасы. Бұл жылдағы әдеті бойынша демалыс уақыты қызған сәтте қайталанатын жағдай. Жұртты мезі қылған маусымдық проблеманы шешу үшін жолаушылар тасымалдау мекемесі де күніне қосымша 60 вагон шығарып жатыр. Алайда, одан түйіннің күрмеуі шешілер емес.

Шерхан Жамбылұлы:  

- Еліміздің ен даласына төселген мына шойын жолдармен күніне ондаған пойыздар мен жүздеген вагондар жүріп жатыр. Алайда, жаз маусымы басталысымен А нүктесінен Б нүктесіне жету қиынға айналып кетеді. Жауапты мекемелер тиісті іс-шараларды қолға алғанымен жылдағы жағдайдың оңалар түрі жоқ.

Жаз басталысымен пойызбен  қатынайтын адамдардың саны отыз пайызға артқан. Біреулер еңбек демалысына туған-туыстарына асығып жатса, келесі біреуі керісінше демалыстан оралып жатыр. Маусымдық адам нөпіріне байланысты қосымша вагондар да қосылуда.

Әубәкір Смайылов, «Жолаушылар тасымалы»  АҚ бірінші деңгейлі менеджері:

- Сегіз бағыт бойынша қосымша пойыздар тағайындады. Оның  екеуі Өскемен-Жалаңашкөл және Семей-Жалаңашкөл қала маңы пойыздары болып табылады. Бұдан бөлек, біздің маркетолог мамандар ұдайы зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Мәселен, қандай бағытта сұраныс болса, сол бағытқа қосымша вагондар тіркеледі. Мысалы, маусым айының өзінде 1375 вагон тіркелді.

Алайда, бұл мәселенің шешілуіне сеп болып отырған жоқ. Мыңдаған қазақстандық билет іздеп, сабылып жүр. Біз де еліміздің ең үлкен қалалары Астана мен Алматы арасына билет сұрап едік, сұрағанымыздың бағасы аспандап тұр екен.

Теміржол билетіне қолы жетпегендер автовокзалды жағалап жүр. Жанар Күзембай бірнеше күн бойы пойызға билет іздегенімен, таппаған. Енді шілденің шіліңгір ыстығында Алматыға автобуспен баруға мәжбүр.

Жанар Күзембай,  жолаушы :

- Қарағанымызға екі күн болды. Билет жоқ.

Вокзал мамандары теміржол билеттерінің тапшылығы күзге дейін болады дейді. Ал, қыркүйекте демалыстан оралар студенттер мен оқушылар саны күрт өсіп, өңірлерден орталыққа қатынау қиындайды екен. Сол себепті, жолға қазірден бастап қамданған жөн.

Шерхан ЖАМБЫЛҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.   

Хабарламаларға жазылу