Қостанай облысының Рудный қаласында салынғанына үш жыл өтсе де, көпқабатты жаңа тұрғын үйлерге газ қосылмаған. Бұл нысандар мемлекеттік бағдарлама бойынша бой көтеріпті. Тұрғындар асты электр плиталарға дайындайтындықтан желіге артық күш түсіп, өрт шығу қаупі күшейген. Төлемақысы да көп. Түйткілдің туындауына не себеп?
Надежда Литвинова – көпбалалы ана. Уақытының дені ас үйде өтеді. Ашық от сияқты емес, электр плитасы баяу қызады. Жүктеме көп болғандықтан желі тез тозады. Плитаның өзі де жиі жанып кетеді. Үш жылда бірнешеуін ауыстырыпты.
Надежда Литвинова, Рудный қаласының тұрғыны:
Балаларға ас дайындау үшін жарты күн уақыт кетеді. Компот бір –екі сағат қайнайды. Ыстық асқа да сонша уақыт қажет. Ай сайын электр қуатына 7-8 мың теңге төлейміз.
Бұл шағын ауданда жаңадан салынған 5 көпқабатты үй бар. Оның алғашқысы үш жыл бұрын пайдалануға берілген. Бірақ осы кезге дейін бірде бірі газға қосылмапты. Жаңа үйлердің ауласы да абаттандырылмаған. Ойран топыры шығып жатыр. Төбесінен су ағады, жертөледегі кәріз құбырларында да ақау бар.
Бақыт Мамышев, Рудный қаласының тұрғыны:
Құбырлар құрылыс қалдықтарымен бітелген. Үш жерден жарылды. Бір айдан бері су жертөледе су тұр. Сыз тартып үгіліп, іргетас құлап түсе ме деп қорқамыз.
Құрылысқа қатысты кемшіліктің бәрі осы үйлерді балансына алған қызмет көрсетуші кәсіпорын арқылы жойылуы тиіс. Қала басшылары осылай дейді. Ал газ берумен мердігер мекеме айналысады. Олар алдымен пайдаға аспай ұзақ тұрып қалған газ құбырларын қайта тексерістен өткізеді.
Дәурен Жәкенов, қалалық құрылыс бөлімінің басшысы:
Біз барлық 5 үйді өткен жылдың көктемінде газға қосқымыз келді. Бірақ ол кезде 3 үй ғана пайдалануға берілген еді. Басқасы газ қосуға дайын болмады. Сөйтіп жұмыс уақытында жүзеге аспай кешеуілдеп қалды.
Қазір мердігерлер газ құрылғыларының ақауын анықтап жөндеумен айналысып жатыр. Жауапты орындар бұл тұрғын үйлерге жаздың соңына дейін көгілдір отын беріледі деп сендірді.
Дәуренбек Әбдібек