Қостанай облысында ұсталған қылмыстық топ 1 млрд 600 млн теңгені жымқырған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанай облысында ұсталған қылмыстық топ 1 млрд 600 млн теңгені жымқырған

28.07.2023

Қостанай облысында маусым айында субсидияға бөлінген 500 млн теңгені жымқырған қылмыстық топтың әрекеті әшкереленген еді. Тергеу барысында анықталғандай қолды болған қаржы 1 млрд 600 млн теңгеден асты. Қылмыстық топ мүшелері өңдеуші кәсіпорынға шаруа қожалықтарынан тонналап ет тапсырылғаны жайлы жалған құжат жасаған. Яғни, іс жүзінде жоқ өнім қағазда ғана көрсетілген.

Ал жалған құжат бойынша мемлекеттен төленген субсидия қаржысын сыбайластар өзара бөлісіп отырыпты. Бұл әрекет бір жыл бойы жалғасқан. Зауыт басшысы басқарған қылмыстық топтың құрамына қатардағы қызметкерлер, лауазымды тұлғалар, ветеринарлар кірген.

Бірнеше облыстың 50 шаруа қожалығының басшылары да олармен сыбайласқан. Осы оқиғаға байланысты 17 қылмыстық іс қозғалды. Топ құрамындағы күдіктілердің есеп шоттарында 3 млн АҚШ доллары бар екені анықталды.

Әлібек Әбділов, ҚР ҚМА ресми өкілі:

Алдын ала тергеу барысында қожалық иелері қылмыстарын мойындап, 62 млн теңгені мемлекетке қайтарды. Тергеу барысында ұйымдасқан қылмыстық топтың 5 белсенді мүшесі қамауға алынды. Сотқа дейін тергеу жалғасуда. ҚПК-тің 201-ші бабына сәйкес өзге мәлімет жария етілмейді.


Дәуренбек Әбдібек 

Хабарламаларға жазылу