Рудный қалалық ауруханасының жарақат бөлімі кеңес заманынан бері жұмыс істеп келеді
Қостанай облысындағы Рудный қалалық ауруханасының жарақат бөліміне алты ай бойы көк тиын қаржы бөлінбеген. Себебі Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығына сәйкес бөлім биылдан бастап өз жұмысын тоқтатуы тиіс. Алайда жергілікті тұрғындар мен медицина мекемесінің ұжымы бұл шешімге қарсы. Мәселе қалай шешілмек?
Рудный қалалық ауруханасының жарақат бөлімі кеңес заманынан бері жұмыс істеп келеді. Мұнда күніне 50-60 адам медициналық көмекке жүгінеді. Денсаулық сақтау министрлігі «Адам саны 150 мыңға жетпейтін елді мекендерде жарақат бөлімінің міндетін қабылдау бөлмесіне беру» туралы бұйрық шығарыпты. Ал Рудный қаласында тіркеудегі халық саны 142 мың. Бірақ бөлімнің жабылуына жергілікті жұрт үзілді-кесілді қарсы.
Гүлмира Аллабергенова, Рудный қаласының тұрғыны:
Мен травпункттің жабылуына қарсымын. Өйткені балам бірнеше рет қолын шығарып алғанда осында келдім, дәрігерлер жедел көмек көрсетті. Жауып тастаса біз қайда барамыз?
Тіркеуде 142 мың адам ғана тұрғанмен қалада 2 жарым мыңға жуық студент оқиды. Жақын орналасқан бірнеше ауыл мен 12 мың халқы бар көршілес Майлин ауданының тұрғындары да оқыстан жарақат алса осында келеді. Жарақат бөлімінде оларға 16 адам қызмет көрсетеді. Ал бөлімді жапса осынша жүктеменің бәрі қабылдау бөлмесінде кезекшілік ететін жалғыз травматологқа түседі.
Нұрболат Райымбердин, травматолог:
Егер травпунктті жапса, жалғыз травматолог бәріне үлгере алмайды. Ол шұғыл операцияға кіріп кетсе келген адам травматологты күтіп отырып қалады. Болмаса 40 шақырым жердегі Қостанайға баруына тура келеді.
Дәрігерлер мен қалалық мәслихат депуттары осы мәселені қайта-қайта көтергеннен кейін Денсаулық сақтау министрлігі оң шешім қабылдады. Соған сәйкес енді жарақат бөлімі тіркеуде тұрғандардың емес, оның қызметіне жүгінетіндердің санына байланысты жұмыс істейді.
Майра Бейсен, облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:
Рудный қаласы үлкен жолдың бойында. Жарақат алып келіп жататындар көп. Мүмкін олардың саны 150 мыңнан да асады. Тиісті көмекті олардың бәрі осындағы жарақат бөлімінен алады.
Сонымен жарақат бөлімі жабылмайды, жұмысын әрі қарай жалғастыра береді. Жыл басынан бері мұнда алғаш рет 34 млн 500 мың теңге қаржы да бөлінді. Басқарма басшылары әзірге аурухана ұжымынан түскен сұраныс осынша ғана деп отыр.
Дәуренбек Әбдібек
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
