Қостанай облысының шалғайындағы Аманкелді ауданында қой терісінен түрлі бұйымдар тігетін шағын цех жұмыс істейді. Мұндай кәсіп түрі бұл өңірде бұрын болмаған. Ауыл тұрғыны өз ісін бастауға мемлекеттен 5 млн теңге грант ұтып алыпты. Мемлекеттің қолдауымен аймақта сұранысқа ие кәсіп түрлерін бастағандар жайлы Дәуренбек Әбдібектің репортажы.
Дәуренбек Әбдібек, тілші:
Мына менің үстімдегі кеудеше кәдімгі қазақы қойдың терісінен тігілген. Салмағы ауыр, алайда қысты күні денеңді қыз қайнатары анық. Сәнді, сапалы ең бастысы табиғи таза өнім. Қой терісінен тек кеудеше емес, кілем, көрме тіпті мынадай башмақ та тігуге болады.
Бұл бұйымдардың бәрі Амангелді кентінің тұрғыны Рысжан Бәйкенованың қолынан шыққан. Ол терімен жұмыс істеуді сырт жерде жүріп үйреніпті. Кейін туған ауылына көшіп келгесін осы істі кәсіп қылуға бел буды. Бизнес жоспар құрып, былтыр мемлекеттен 5 млн теңге грант ұтты.
Рысжан Бәйкенова, кәсіпкер:
Екі машина, компрессор алдым. Сосын тігілген затты үтіктейтін арнайы үтігін, терінің бетін тегістейтін құрал алдым.
Шағын цехтың жұмысы наурыз айында басталған. Негізгі тұтынушылары қала тұрғындары мен шетелдіктер. Бір әттеген-айы мыңғыратып мал өсіретін ауданда қой терісін өңдейтін кәсіпорын жоқ. Сонау Алматыдан алдырған шикізат жол шығыны қосылып қымбатқа түседі. Теріні Рысжанның өзі де өңдей алады. Бірақ қол қысқа.
Рысжан Бәйкенова, кәсіпкер:
Әр үйде жаз бойы 2-3 қой сойылады. Соны өңдеп кәдеге жаратсаң арзанға түседі ғой. Жолға да төлемейсің. Бірақ оған көп қаржы керек. Арнайы жеке ғимарат салу керек.
Ал Қасымхан Қаржауов мемлекеттен алған 5 млн теңге грант қаржысына құрама жем шығаратын цех ашқан. Қуаты сағатына 2 тонна өнім шығаруға жетеді. Күз бен қыста сұраныс артады. Өзінің де шағын бордақы алаңы бар. «Тартылған жем жеген мал тез қоң жинайды» дейді ол.
Қасымхан Қаржауов, кәсіпкер:
Ішіне қонымды, сіңімді болады. Жылдам семіреді мал. Қазір сатып алып тартып жатырмыз. Алдағы уақытта арпа мен бидайды өзіміз егеміз деген жоспарымыз бар.
Жалпы биыл Қостанай облысында кәсіпкерлікті дамытуға 14,4 млдр теңге бөлініпті. Соның 84 миллионы аймақта сұранысқа ие инновациялық кәсіп түрін ашамын дегендерге берілетін қайтарымсыз қаржы.
Дәуренбек Әбдібек