Түркістан облысының жылыжай шаруашылықтарына 150 мың тонна Шұбаркөл көмірі жеткізіледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысының жылыжай шаруашылықтарына 150 мың тонна Шұбаркөл көмірі жеткізіледі

25.07.2023

Түркістан облысының жылыжай шаруашылықтарына қыста қосымша 150 мың тонна Шұбаркөл көмірі жеткізіледі. Мұндай келісімге еліміздің Индустрия және инфрақұрылымдық даму , Ауыл шаруашылығы министрліктері мен Түркістан облысы әкімдігінің, және көмір жеткізуші операторлармен бірнеше рет келіссөздер жүргізудің нәтижесінде қол жеткізілді. Сондай-ақ, құзырлы орындар қатты отының бағасын бақылауға алып, сауданы ретке келтіруді қолға алды.

Асқар Исабаев, ҚР Сауда және интеграция министрлігінің басқарма басшысы:

Көмір құны тоннасына 10 мың 350 теңгені құрамақ. Жөнелтілу ендігі жылдың 1 қаңтарынан басталады.

Өткен қыста көмірдің бағасы күрт қымбаттап, оңтүстіктегі шаруалар жылыжайлардағы көкөністерін үсітіп алған болатын. Соның салдарынана біразы шығынға батып, үкіметтен көмек сұрады. Диқандар Шұбаркөл көмірін делдалсыз жеткізіп беруді сұраған еді. Қатты отынның облысқа тікелей жеткізілетінін естіген шаруалар қыстан қиналамай шығатындарына сенімді.

Данияр Қалтаев, шаруа:

Үкімет біздің сөзімізді естіп, тыңдап, қазіргі уақытта бізге делдалсыз көмірді береміз деп жатыр. Егер орындалып жатса, бұл нұр үстіне нұр болар еді. Енді осылай бізбен бірлесе отырып жұмыс істесе, онда біздің елімізде азық-түлік жеткілікті мөлшерде болады. Және оның бағасы да реттеледі.

Айнұр Әбілқасымқызы 

Хабарламаларға жазылу