Солтүстік Қазақстанда көмір тапшы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Солтүстік Қазақстанда көмір тапшы

09.02.2022

Солтүстік Қазақстанда көмір тапшы. Әсіресе «Шұбаркөлдің» қатты отыны таптырмай тұр. Таңсәріден теміржол тұйығына келіп, кезекке тұрған жүк көліктерінің саны 100-ден асады. Қыс ортасында көмір неге қат? Өңірдегі тілішіміз Эльмира Кәленова мән-жайды анықтады.

Эльмира Кәленова, тілші:
Теріскей тұрғындары қыс маусымында орта есеппен 400 мың тонна көмір тұтынады. Бұгін Жүмысшы кентіне қатты отын тиелген 7 вагон келді. Таңғы 6-дан кезекке тұрған жүк көліктерінің жүргізушілері тауарды таласып-тармасып алып жатыр. Өйткені келесі вагондардың қашан келетіні белгісіз.

Қызылжарлықтардың 10 күн бойы Шұбаркөлден күткен көмірі осы. 490 тонна. Әр көлікке 5 тоннадан ғана тиеуге рұқсат. Бірнеше күн кезекте тұрғандар үйге бос қайтамыз ба деп алаңдаулы.

Көмір іздеп алыс аудандардан келгендер де бар. Қыс ортасында қатты отын таппай сабылған жұрт мәселенің жылдар бойы шешілмей келе жатқанына қынжылады.

Өңірде көмір бағасы сапасына қарай 9 мың мен 15 мың аралығында. «Қаражыра», «Екібастұз», «Майқөбе » көмірінің қоры жеткілікті. Бірақ оның сапасы көптің көңілінен шықпайды.

Бақыт Ілиясов, Энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы:
Шұбаркөл көміріне сұраныс күшті, себебі сапасы жақсы. Кезектің көптігі де содан. Шұбаркөлдің көмірі әзірге қымбаттамайды. Қазір 4 қоймада 1800 тона көмір бар. Есіл және Қызылжар аудандарында теміржол жоқ. Сондықтан тұрғындар көмірді облыс орталығынан әкетеді.

 Жылыту маусымы аяқталғанша өңірге көмір тоқтаусыз тасымалданады, сондықтан тапшылық болмауы тиіс деп сендірді әкімдіктегілер. Алдағы уақытта Шұбаркөлден тағы 120 вагон қатты отын жеткізілмек.


Хабарламаларға жазылу