Елордада көпқабатты үйлердің бірі жаз басталғалы ыстық сусыз отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордада көпқабатты үйлердің бірі жаз басталғалы ыстық сусыз отыр

25.07.2023

Елордада көпқабатты үйлердің бірі жаз басталғалы ыстық сусыз отыр. Себебі жертөледегі су ысытатын қазандық ескіріп, істен шыққан. Ал пәтер иелерінің кооперативі оны жаңасына айырбастаймыз деп, тұрғындардан ақша жинап алған. «2 айға жуық уақыт өтсе де не қазандық жоқ, не ыстық су жоқ», - дейді жұрт.

Кравцов көшесіндегі бұл үй ыстық судан ажыраған емес. Тек биыл ғана осындай жағдайға тап болған. Күн ыстықта әсіресе балаларды шомылдыру қиын болды дейді тұрғындар. Ал ескірген қазандықты жаңасына ауыстыру үшін кооперативке әр пәтер мақсатты алымдар ретінде 45 300 теңгеден жинап берген.

Пәтер иелері кооперативі тұрғындардың шағымы орынсыз деп отыр. Су ысытатын қазандықты ауыстыру үшін бірнеше жылдан бері ақша жинай алмай келеміз дейді төраға. Тек биыл ғана сең қозғалып, қажетті ақша біртіндеп жиналған.

Күлмайра Әбдірахманова, Пәтер иелері кооперативінің төрағасы:

Тұрғындардың өздері жинай бастады. 4 жылдан бері арттарынан еріп жүргем «бойлерлеріңіз кетеді, кетеді» деп. Промывка жасаған кезде бойлер атылып кетті. «Теплотранхиттан» техник келді, суды экспертизаға алды да, пломбасын салып кетті.

Бойлерді жеткізіп беретін кәсіпкер құрамдауыш материалдарды ертерек жертөлеге әкеп қойған. Төрағаның сөзінше, қазандық ішіндегі кейбір құрылғыларды шетелден тапсырыс арқылы әкелу қажет. Ол да біраз уақытты алған.

Анатолий Янке, сантехник:

Бойлерді әкелеміз деп уәде берді. Егер кешке қарай жеткізіп берсе, орнатуды ертең бастаймыз. Жұмыстарға көп дегенде 4-5 күн кетеді. Содан кейін бірден ыстық суды береміз.

Кооператив кәсіпкерге қазандық құнының жартысынан көбін төлеп қойыпты. Қалғанын бойлер орнатылғаннан кейін бермекші. Пәтер иелері кооперативіне осы аймақта көпқабатты 10 үй қарайды. Оның тоғызында су ысытатын құрылғы бар.


Дарын Сағитов


Хабарламаларға жазылу