Биыл Астана мен шахар маңындағы жасыл белдеуге 1 млн түп ағаш егіледі. Президент таяуда өткен жиында елорданы жасыл желегі жайқалған қалаға айналдыру жөнінде тапсырма берген. Енді абаттандыру бойынша құрылыс компанияларына да талап күшеймек. Астананы жасыл қалаға айналдыруға қанша уақыт кетеді? Ол үшін не істеу қажет?
Астананың алғашқы бас жоспарын жасаған жапондық архитектор Курокава елорда табиғатпен үйлесім тапқан, саябақтары көп шаһар болуы тиіс деп жобалаған. Ширек ғасырда бұл жоспар орындалды ма?
Тұрғындардың бұл айтқаны қаншалықты рас? Осыған көз жеткізу үшін қаланың бірнеше жаңа ауданына арнайы бардық.
Шерхан Жамбылұлы, тілші:
Мыңжылдық аллеясы қаланың ең көрікті әрі ең жасыл аймағының бірі болуы тиіс. Алайда, қазіргі таңда бұл жақтағы көрініс одан алшақтау көрінеді.
Мәңгілік ел даңғылының бойы. Бұл көше қаланың ең негізгі көлік артериясының бірі. Мәртебелі қонақтар да әуелі осы көшемен жүреді. Ал бұл маңдағы талдардың қазіргі жағдайы осындай.
Ал бұл Кіші Талдыкөлдің бір бөлігі. Бірер жыл бұрын ғана айдынына суы толып, сан түрлі құстың мекеніне айналған еді. Жоспар бойынша бұл жерде үлкен парк болуы тиіс. Алайда, қазір мұнда келсеңіз құстардың үнін емес қызу құрылыстың дауысын естисіз.
Әкімдік өкілдерінің айтуынша қаладағы ағаштардың басым бөлігі түрлі ауруға шалдыққан. Сол себепті жайқалып тұрған жоқ. Қазір оларды химиялық дәрілеу бойынша жұмыс күшейтілген. Жаңа аллея мен бақтарды көбейту жоспарланып отыр.
Аслан Қандығұлов, Астана қаласы әкімдігі Урбанистика орталығының бөлім басшысы:
Кейбір жерлерде өте көп тұрғын үй болатын болса оларды қайта жаңа қарастырып, мысалы бір тұрғын үйдің орнына парк зона ретінде, аллея, сквер ретінде қарастырудамыз.
Қазір қаладағы тал-дарақтың көпшілігі арнайы көліктермен суарылады. Олардың өзі тапшы. Келер жылы жаңа 100 техника сатып алынбақ. Ал құрылыс компанияларына абаттандыру бойынша жаңа талаптар қойылады.
Аслан Қандығұлов, Астана қаласы әкімдігі Урбанистика орталығының бөлім басшысы:
Жүзден астам тұрғын үйлерде жалпы дендроплан жаңадан қарастырдық. Сол дендропланға жаңа ұсыныстар бердік. Сол ұсыныстарды олар қабылдап, жаңа салынған үйлерінде соны арттыруда.
Тағы бір мәселе салада білікті маман тапшы. Бұл да жұмысқа қолбайлау. Көшеттермен қамтамасыз ететін арнайы тәлімбақ та тозып тұр. Әкімдік өкілдерінің сөзінше шаһарды жанға жайлы жасыл қалаға айналдыруға кемінде 5 жылдай уақыт кетеді.
Шерхан Жамбылұлы