Елдегі өңдеу өнеркәсібін дамыту үшін қосымша 100 миллиард теңге бөлінді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елдегі өңдеу өнеркәсібін дамыту үшін қосымша 100 миллиард теңге бөлінді

19.07.2023

Өңдеу өнеркәсібін дамыту үшін қосымша 100 миллиард теңге бөлінді. Зауыт, фабрика ашып, дайын өнім шығарамын деген кәсіпкерлер енді өнеркәсіпті дамыту қорынан арзан несие ала алады. Үкімет жариялаған жартыжылдықтың экономикалық көрсеткішіне сай, бұл салада қазір тұрақты өсім бар.

Досжан Маратұлы, тілші:

Былтыр елімізде көптеген саяси реформалар жүзеге асты. Ал биылдан бастап экономиканы дамытып, халықтың әл-ауқатын арттыруға ерекше басымдық берілген. Сонымен жарты жылдағы көрсеткіш қандай? Үкімет жоспарлы межені бағындыра алды ма?

Бірінші жартыжылдықтағы әлеуметтік экономикалық даму қорытындысына қарасақ, нәтиже жаман емес. Экономика былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда 5 процентке көтерілген. Ал тауар өндірісінің көлемі 4,8 пайызға артып, қызмет көрсету саласы 4,9 процент өсім көрсетті. Негізгі капиталға салынған инвестиция 13 процентке көбейіп, 6 триллион 700 миллиард теңгеден асты. Әсіресе, көлік, денсаулық сақтау, сауда, ауыл шаруашылығы мен білім салаларына салынған инвестиция көп.

Абзал Әбдікәрімов, ҚР Ұлттық экономика министрінің орынбасары:

Биылдың өзінде 4 ірі келісім-шарт жасалды. Құны 40 миллиард АҚШ доларынан астам. Одан бөлек алдағы 5 жылға арналған инвестициялық саясатты дамыту бойынша біз тұжырымдама бекіттік. Бұл тұжырымдама ең алдымен инвестклиматты жақсартуға оның ішінде шикізаттық емес салаларды дамытуға бағытталған.

Яғни еліміз шикізатты шетелге сатудан гөрі, оны өзімізде өңдеп дайын өнім шығаруға ден қойып отыр. Биыл бұл саладағы 10 зауыт ашылып,700-ден астам жаңа жұмыс орыны құрылды. Өсім 3,5 процент. Әсіресе, машина жасау мен электр құрылғыларын, азық-түлік пен түрлі сусын және құрылыс материалдарын өндіруде жетістік бар. Десе де, жұртты алаңдатып отырғаны қымбатшылық пен шарықтаған инфляция. Жыл басында ол 21 процентке жеткен еді. Оны азайту бойынша жүргізілген кешенді жұмыстардың нәтижесінде қазір инфляция 14 процентке дейін түсті. Бірақ қайта көтеріліп кетуі ғажап емес.

Ғалымжан Пірматов, ҚР Ұлттық банкінің төрағасы:

Сыртқы факторларға қарасақ инфляциялық қысым төмендеп келеді. Оған сауда-экономикалық жағынан әріптес елдерде инфляцияның төмендеуі, әлемдік азық-түлік бағасының сәл арзандауы әсер етті. Ал ішкі факторларға келетін болсақ, жанар-жағармай мен коммуналдық тарифтердың қымбаттауы секілді факторлар инфляцияға тәуекелдерді сақтап отыр.

Яғни жылу, жарық пен су бағасының қымбаттауы түрлі қызметтер мен азық-түлік құнының көтерілуіне түрткі болуы мүмкін дейді Пірматов. Дегенмен жағдайды бақылауда ұстап, жыл соңына дейін оны керісінше 11 процентке түсурге тырысамыз деп отыр. Ал сарапшылар болса, экономикалық өсім болуы үшін макроэкономикалық тұрақтылық қажет дейді. Яғни жұмыссыздықтың белең алып, инфляцияның шарықтап, теңгенің құлдырауына жол бермеу керек.

Досжан Маратұлы


Хабарламаларға жазылу