Павлодар облысында қызғылт көл құрғап барады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодар облысында қызғылт көл құрғап барады

18.07.2023

Павлодардың іргесіндегі қызғылт көлді тұз өндірушілер кептіріп жіберді деген сөз бекер. Экология және табиғи ресурстар министрі бастаған арнайы комиссия бүгін Коряков көліне барды. Елімізде сирек кездесетін айдынды көлдің суы неге тартылып қалды? Бұрын бұл көл қызғылт түске боялып тұратын. Қазір суы тартылып, тұзы бетіне шығып жатыр. Бірақ бұдан еш қатер жоқ дейді мамандар.

Ахан Өмірбек, ҚР экологиялық аудиторлар палатасының мүшесі:

Біздің пайымдауымызша көлдің суы азайғандықтан түсі де өзгеріп отыр. Бұдан экологияға еш қауіп жоқ. Суы төмен түскен соң тұзы аппақ болып жатыр. Бұл көлді білеміз. Түсі өзгеріп отырады.

Раушан Құсайынқызы 60 жылдан бері көл жағасындағы ауылда тұрады. Тұз алу үшін бұл жаққа бөгде адамдар келген емес дейді. Яғни су айдынына тұрғындардың зияны тимеді деп есептейді.

Раушан Құсайынқызы, Коряковка ауылының тұрғыны:

Үш жылдан бері қыс болған жоқ. Қар жоқ. Жаңбыр жоқ. Сондықтан осындай. Біздің кезімізде осындай болған тұз.

Бұл ғана емес, Павлодар және Успенка ауданы аумағындағы көлдердің де сортаңы шығып жатыр. Себебі, мамыр айынан бері аймақта жауын жоқ, күн ыстық. Сондықтан Экология министрлігі көл суының тартылып кетуінің басқа себебін іздемейміз дейді.

Ермек Омаров, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі экологиялық реттеу комитеті төрағасының орынбасары:

Министрлік тарапынан бұл көлді қорғауға ешқандай қаржы қарастырылмаған. Артемий құрты бұл жерде жоқ. Сондықтан жануарлар әлемі үшін де, экологиялық тұрғыдан да еш қатері болмайды.

Үш жыл бұрын Астананың іргесіндегі Көбейтұз көлінде дәл осындай жағдай болған. Бір жыл ішінде көл тұтас құрғап, тамтығы да қалмады. Ал, Коряковка көлі жаңбыр суымен немесе қар қалың түссе қайта қалпына келуі тиіс дейді осы ауылдың тұрғындары.

Болат Аманбаев

Хабарламаларға жазылу