Мал бағу – бейнетіне төзе білгенге берекелі кәсіп
Мал бағу – бейнетіне төзе білгенге берекелі кәсіп. Қостанай облысының оңтүстік аудандарында төрт түлік өсіруді заманауи бизнеске айналдырғандар көп.
Дәуренбек Әбдібек, тілші:
Менің сол қапталымда тұрған екі қабатты заманауи тұрғын үй. Жалпы аумағы 380 шаршы метр. Ішінде әжетхана, жуынатын бөлме тәрізді тұрмысқа қажеттің бәрі бар. Яғни, қаладағыдан еш айрымашылығы жоқ. Бірақ бұл үй қала түгілі ауылда да емес, мидай далада тұр. Мал бағатын қарапайым шаруаның баспанасы.
Бұл Амангелді ауданы Қарасу ауылының аумағындағы Жас буын қонысы. Зәулім үйде бір әулет тұрады. «Келімді-кетімді қонағымыз да көп» дейді үй иесі. Ағайынды азаматтар 26 жыл бұрын бірігіп шаруа қожалығын ашқан. Бүгінде 400 сиыр, 500 қой, 300 жылқы өсіріп отыр. Табысы еселенгесін ен далада тұрмысқа қолайлы жағдай жасап алған.
Дәурен Кәкімжанов, шаруа:
Ауылдық жерде де қаладағыдай өмір сүруге болатынын дәлелдегіміз келді. Әлі де жұмыстарымыз бар. Мына екі ортаға жазда отыратын үй саламыз. Бил үйдің сыртына 30 түп алма ағашын ектік.
Ал Меңтай Мұхамеджанова тағы бір ауылдасымен бірлесіп Арқалық-Торғай тас жолының бойынан қымызхана ашты. Серіктесі мемлекеттен 500 мың теңге грант ұтып, оған екі киіз үй сатып алыпты. Басқа жабдықтарға қаржыны өздері шығарған. 9 бие сауып, күніне 30-40 литр қымыз сатады.
Меңтай Мұхамеджанова, кәсіпкер:
Бұрыннан қалыптасқан ауылдың шаруасы ғой. Оның өзінің берекесі болады. Әр істің берекесі бар. Қанша қиын дегенмен содан пайда тауып жатырмыз. Біз үшін бұл өте жақсы іс.
Қымызханадан күні бойы кісі үзілмейді. Жолаушылар көбіне киіз үйлерді көріп еріксіз бұрылады. Балдай қымызын былай қойғанда көшпенділер баспанасының туристік нысан ретінде де тартымдылығы бар.
Сағадат Нұғыманов, жолаушы:
Осы киіз үйге кірйін деп әдейі келдім. Осы киіз үйде оытырп ішіп көрейінші қымызды деп. Енді басқа жерде ішсең жәй шәй ішкендей боласың. Мына жерде нағыз қымыз ішкендей болып отырмыз балам екеуміз.
Мыңға тарта адам тұратын Қарасуда 60 шаруа қожалығы бар. Кәсіпкерлікке ден қойғандардың да қатары артып келеді. Соңғы үш жылда шағын елді мекенде 6 адам мемлекеттен грант ұтып өз ісін бастаған.
Дәуренбек Әбдібек
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
