«Астана – мәдениет керуені» Халықаралық музыкалық фестивалі аяқталды. Әлемнің әр түкпірінен келген үздік әскери оркестрлер жабылу салтанатына орай ұйымдастырылған гала-концертте өнер көрсетті. Көрермен көңілінен шыққан музыка мерекесі туралы тілші материалынан көріңіздер.
«Барыс Арена» мұз айдынының кешеніне бұл күні көрермен көп жиналды. «Астана – мәдениет керуені» Халықаралық фестивалінің жабылу салтанатын тамашалауға жеті мыңнан астам адам келді.
Руслан Жақсылықов, ҚР Қорғаныс министрі:
Сіздер көрермендерге әскери музыкалық өнердің керемет үлгісін көрсете білдіңіздер. Фестиваль достықты дамытуға, мәдени қарым-қатынасты нығайтуға зор ықпал етеді. «Астана – мәдениет керуені» бұл – элиталы әскери музыканттар форумы.
Фестиваль достықты дамытуға, мәдени қарым-қатынасты нығайтуға зор ықпал етеді. «Астана – мәдениет керуені» бұл – элиталы әскери музыканттар форумы. Барлық өнерпаздарға сәттілік тілеймін.
Концерт көрерменді қазақ хандығы дәуіріне алып баратын қойылымнан басталды. Одан кейін сахнаға барабаншылар, қазақ батырлары мен ұлттық үлгідегі киім киген бишілер шықты. Мемлекеттік күзет қызметі құрметті қарауыл ротасы «25» саны мен «Астана» сөзі бар сағатты бейнеледі.
Павел Гернест, Ресей делегациясының өкілі:
Фестиваль өте жоғары деңгейде өтіп жатыр. Ұйымдастырылуы, қатысушылардың деңгейі бойынша әлемнің үздік фестивалдарының қатарына кіретініне сенімдімін. Әскери музыканттар осындай шаралар арқылы жаңа достар тауып, тәжірибе алмасады. Сондықтан бұл фестивальдің маңызы жоғары.
Плац-концерт кезінде фестивальге қатысушы әр оркестрдің қойылымында сол елдің туы мен оның көрікті жерлері көрсетілді. Көрермен Әзербайжан, Үндістан, Қытай, Ресей, Түркия, Өзбекстан және Жапонияның әскери оркестрлерін айрықша құрметпен қарсы алды. Шара Орталық ансамбль, біріккен хор және оркестр солистері Қайрат Баекеновтың орындауындағы «Астана» әнімен аяқталды.
Серік Селеубайұлы