Түркістан облысының Жетісай ауданында шаруалар қауын-қарбызын өткізе алмай, шығынға батып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысының Жетісай ауданында шаруалар қауын-қарбызын өткізе алмай, шығынға батып жатыр

05.07.2023

Түркістан облысының Жетісай ауданында шаруалар қауын-қарбызын өткізе алмай, шығынға батып жатыр. Алушы таппаған диқандар амалсыз келісін 30-35 теңгеден саудалауда. Ал тіпті өткізе алмағандар үзілген қауынды малға тастауға мәжбүрміз деп ашынады.

Жетісай ауданындағы диқандардың тірлігі қауырт. Алқапта пісіп жетілген қауын-қарбыздарын өткізе алмай әлек. Бірі егістіктің басында тұрып сатса, енді бірі арнайы орындарға сатуға шығарған. Пайда таппасақ та шығынды жапса екен дейді. Өйткені биыл баға екі есеге арзан.

Қаһар Мамытов, шаруа:

Мынау бір килограм қауынның бағасы 30-35 теңге болып жатыр. Шығынды обшы ақтамайды. Селитра обшы аспанның бағасына шығып кеткен. Ал жер тағы да бар, арендасы бар.

Ербол Зүбайраев, шаруа:

Балдардың бір тележка артқаны 25 мың теңге. Трактордың шығарған шығыны 10 мың, 15 мыңмен шығарады. Ол жаңағы қырғыздар келеді ма деп, жақсы алады ма десек, олар да бағаны көтермей жатыр. Ал өтпей қалғандар үйіне барып, малына беріп жатыр.

Ақылбек Рысбек, шаруа:

Таңертеңнен бері отырмыз. Тұра берсек асты езіліп кетеді. Одан кейін ешкім алмайды. Қаншама еңбегіміз бар.

Бақщы дақылдарын басқа облыстар мен шетелге тасымалдау шаруаға тиімсіз. Шығыны көп. Сондықтан сырттан алатындарға береді. Ал делдалдар ішкі нарық пен Ресейге және еуропаға жөнелтеді. Бірақ биыл рубльдің құны түсіп кеткендіктен, пайда шамалы.

Бекзат Ералиев, делдал:

Рубль жайына келетін болса, сұраныс жақсы болады. Қазір Белорусияға барады, Белорусиядан еуропаның әр қалаларына жіберіледі.

Мамандардың айтуынша, биыл бақша дақылдары 4 мың гектарға артық егілген. Бүгінге дейін 315 мың тонна қауын, 126 мың тонна қарбыз жиналған.

Нұртас Тұрсынбеков, Жетісай аудандық Ауылшаруашылығы бөлімі басшысының міндетін атқарушы:

Аудан әкімшілігі тарапынан басқа да облыстарға әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясына қазіргі таңда біз хат жібердік. Біздің аудан бойынша жалпы мынанша өніміміз бар, қазіргі таңда мынанша өніміміз дайын тұр. Кеше алдыңкүні жібердік ол хаттарды. Біз енді осыған құдай қаласа одан ары қарап та жұмыс жасаймыз.

Әзірге өзге өңірлерден сатып алушы жоқ. Сондықтан шаруаларға өздігінше әрекет етуден басқа амал қалмай тұр. Бақша дақылдарына субсидия қаралса, мұншалықты шығынға ұшырамас едік дейді диқандар.

Айнұр Әбілқасымқызы


Хабарламаларға жазылу