Түркістан облысында каналдар тазаланбай, алқаптарға су жетпей қалған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында каналдар тазаланбай, алқаптарға су жетпей қалған

29.12.2023

Түркістан облысының Жетісай ауданында каналдар тазаланбай, қыстыкүні мақталық алқаптарда сор шаю жұмыстарын қиындатып отыр. Жылысу ауылында тұратын шаруалардың айтуынша, «Қазсушар» мекемесіне қарасты каналдар топыраққа толып, қамыс басып кеткен. Салдарынан қажетті су көлемі егістікке жетпей, мақта өсіргендер шығынға батқан.

Жылысу ауылында тұратын шаруа Сәден Адамбеков көктемде қаржы ұйымынан несие алып, жеті гектар алқапқа мақта еккен. Алайда егістікке ағын су жетпей, шаруаның өнімі жерде қалып кетіпті. Шығынға шаш етектен батқан шаруа қарызды қалай қайтарам деген уайыммен жүр.

Сәден Адамбеков, шаруа:

25 млн теңге кредит алғанбыз көктемде. Судың болмауынан мақтаның урожаемості төмен түсіп кеткеннен кейін төлей алмай отырмыз енді. Бұны қалай төйлейміз енді, арғы жағы не болатынын.
30 см-дей лай жатыр астында, заеление болған. Ол қазір қыстыңкүні бұл. Жаздың күні оған сәмек те шығады, қамыс та басады. Су жүруі мүмкін емес.

Жылысулық шаруалар жыл өткен сайын егістікке келетін судың көлемі төмендеп барады деп дабыл қағуда. Қажетті кезде судан тапшылық көретіндер қаңтарда да сор шаю жұмыстарын жүргізе алмай қаламыз ба деп алаңдап отыр. Өйткені каналдарды тазалауға жауапты «Қазсушар» мекемесі тек қаржы жинап, өз міндетін атқармай қойғанын айтады.

Сапарбек Адамбеков, шаруа қожалығының төрағасы:

Бес жылдан бері бір адам келіп ештеңе тазалаған жоқ. Су жүрмей қалған. Алдыңғы жыл судан қалып кетті. Былтыр да қалды, биыл да қалды. Ауыл әкіміне айттым, аудан әкіміне де хат жаздым.

Қажетті суды жеткізіп бере алмаған мекеме басшылығы болса каналдардың соңғы жағын тазаламаймыз деп жұмыстарындағы кемшілікті ашып айтты. Аудандағы бөлімше басшысының сөзінше, мекеме тек үлкен каналды күтіп ұстауға қауқарлы. Шағын каналдарды шаруалар өздері тазалауы тиіс деп отыр.

Бахтияр Жолдасбеков, «ҚАЗСУШАР» РМК Жетісай өндірістік бөлімшесінің басшысы:

Өзіне кіретін каналын өзі тазалауы керек. Өзі тазалап, нормально ұстап отыруы керек.

Есесіне суға жауапты мекеме диқандарға ағын судың тарифін көбейтіп, биыл судың бағасы екі есеге дейін көтерілгенін хабарлаған. Онсыз да шығынға батқан шаруалар енді еліміздің Су комитетіне шағым айтуға бекініп отыр. Айнұр Әбілқасымқызы Еркін Оразбаев «Қазақстан» ұлттық арнасы Түркістан облысынан

Айнұр Әбілқасымқызы


Хабарламаларға жазылу