Елордада тұңғыш рет «GulAstana» фестивалі өтіп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордада тұңғыш рет «GulAstana» фестивалі өтіп жатыр

05.07.2023

Елорда гүлмен көмкерілді. Бас қаланың 25 жылдық мерейтойына орай тұңғыш рет «GulAstana» фестивалі өтіп жатыр.

Ауқымды экологиялық шараға Астанадан басқа Алматыдан, Қарағанды облысынан келген эко-кəсіпкерлер, флористер мен урбанистер қатысуда. Ұйымдастырушылар тұрғындардың көңіл-күйін көтеру үшін сан алуан ойын-сауық бағдарламасын дайындапты. 

Ашық аспан астындағы фестивальге барсаң құдды ертегі әлеміне тап болғандай күй кешесің. Қазақтың киіз үйлерінің өзі әр өңірдің табиғатына сай безендірілген. Бұдан басқа, тұрғындар суретке түсу үшін бірнеше фотоаймақ бар. Мұнда «I LOVE» байқауы қатар өтіп жатыр, үздік деп танылған сурет иесі Біріккен Араб әмірліктеріне екі адамдық жолдама ұтып алады. Белсенді қатысушылар да құр алақан кетпейді.

Ақерке Жұманбаева, қалалық мәдениет басқармасының бөлім басшысы:

Экофестивальдің басты мақсаты – келген қонақтар мен қала тұрғындарына жақсы көңіл-күй сыйлау. Сонымен қатар экомәдениетті үйрету болып табылады. Экофестиваль аясында «Гүл шаһары» атты суретшілердің конкурсын жариялаған болатынбыз. 80 суретші қатысты, сол 80 суреттің 15-ін осы алаңда қонақтарға нәтижесін көрсете аламыз.

Қаланы таза ұстау, экологиялық мәселелерге бей-жай қарамауға шақыру, шикізатты қайта өңдеудің маңыздылығын насихаттайтын шарада келушілерге экосабақтар өтті. Балалар үшін алаңда құммен сурет салу, гүл егу, саз балшықпен жұмыс істеу сынды шеберлік сабақтары да ұйымдастырылды.

Шеке Тапалов, қала тұрғыны:

Немерелерімді әкеліп, пайдалы уақыт өткізіп жатырмыз. Неше түрлі іс-шара болып жатыр. Ең бастысы, қазақтың киімдерін киіп алып, жастар өлең айтып, әрі-бері жүргенінің өзі ғажап.

Майра Измайлова, ұйымдастырушы:

Он күн бұрын бөтелке жинау бойынша байқау өткіздік. Арнайы бағдарлама арқылы жеңімпаз таңдалды. Оларға бағалы сыйлықтар табысталды. Осылайша, экологиялық белсенділікті арттырғымыз келеді. Сонымен бірге мұнда табиғи өнемдердің жәрмеңкесі өтіп жатыр.

Қалалық мәдениет басқармасы мен Креативті индустрияларды дамыту орталығының қолдауымен өтіп жатқан іс-шара ертең де жалғасады. Оған 15 мыңдай адам қатыспақ.


Асылбек Данияр

Хабарламаларға жазылу