Шанхай ынтымақтастық ұйымы аясында 20 жылдан астам уақыттан бері бірде-бір ірі экономикалық жобаны жүзеге асыру мүмкін болмады. Ұйымға мүше мемлекеттер басшыларының саммитінде бейнебайланыс арқылы қатысып, сөз сөйлеген президент Қасым-Жомарт Тоқаев осындай сын айтты. Сондықтан жобаларды қаржылай қолдау үшін Инвестициялық қор құруды ұсынды. Әрі «Астана» халықаралық қаржы орталығының платформасын пайдалануға болатынын айтты. Ал энергетикалық ынтымақтастықты нығайту үшін алда өтетін Астана саммитіне дейін ШЫҰ-ның Энергетикалық стратегиясын келісуді ұсынды. Ол құжатта энергетиканың жаңа түрлеріне көшуге, экономика мен өнеркәсіпті көміртегінен арылтуға қатысты жоспарлар жазылуы керек деді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Біз аталған мәселенің аса маңызды екенін ескере отырып, Қазақстанда ШЫҰ-ның Энергетикалық форумын өткізуге дайынбыз. Бұл саладағы ынтымақтастықтың перспективаларын жан-жақты талқылау елдеріміздің энергетикалық қауіпсіздігі мен теңгерімді дамуын қамтамасыз ету үшін бірлескен әдістер әзірлеуге мүмкіндік береді.