Президент ШЫҰ-ға мүше мемлекеттерінің саммитіне қатысты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент ШЫҰ-ға мүше мемлекеттерінің саммитіне қатысты

04.07.2023

Шанхай ынтымақтастық ұйымы аясында 20 жылдан астам уақыттан бері бірде-бір ірі экономикалық жобаны жүзеге асыру мүмкін болмады. Ұйымға мүше мемлекеттер басшыларының саммитінде бейнебайланыс арқылы қатысып, сөз сөйлеген президент Қасым-Жомарт Тоқаев осындай сын айтты. Сондықтан жобаларды қаржылай қолдау үшін Инвестициялық қор құруды ұсынды. Әрі «Астана» халықаралық қаржы орталығының платформасын пайдалануға болатынын айтты. 

Шанхай ынтымақтастық ұйымы жер шары халқының шамамен жартысын қамтиды. Әлемдік экономиканың төрттен бірі, дүниежүзілік сауданың 15 пайызы осы ұйымға мүше мемлекеттердің үлесіне тиесілі. Сондықтан бірлестіктің халықаралық беделі зор. Бүгінгі міндет - Шығыс пен Батыс арасында геосаяси бөлінушілікке жол бермеу деді Президент. Әрі соған әлемдік бейбітшілік пен келісімге қатысты арнайы құжат әзірлеуді ұсынды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біздің төрағалығымыз кезінде «үш зұлым күшке», трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа, заңсыз есірткі айналымына және киберқылмысқа қарсы күреске баса мән беріледі. Терроризмге, сепаратизмге және экстремизмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2025-2027 жылдарға арналған ынтымақтастық бағдарламасын жаңартуға күш салуымыз керек. Бұдан бөлек, Қазақстан ШЫҰ-ның 2024-2029 жылдарға арналған есірткіге қарсы стратегиясы мен оны жүзеге асыру жөніндегі Іс-қимыл бағдарламасын қабылдауды ұсынады.

Ал энергетикалық ынтымақтастықты нығайту үшін алда өтетін Астана саммитіне дейін ШЫҰ-ның Энергетикалық стратегиясын жасауды ұсынды. Ол құжатта энергетиканың жаңа түрлеріне көшуге, экономика мен өнеркәсіпті көміртегінен арылтуға қатысты жоспарлар жазылуы керек деді

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біз аталған мәселенің аса маңызды екенін ескере отырып, Қазақстанда ШЫҰ-ның Энергетикалық форумын өткізуге дайынбыз. Бұл саладағы ынтымақтастықтың перспективаларын жан-жақты талқылау елдеріміздің энергетикалық қауіпсіздігі мен теңгерімді дамуын қамтамасыз ету үшін бірлескен әдістер әзірлеуге мүмкіндік береді.

Қ.Тоқаевтың айтуынша, әртүрлі елдер мен әлеуметтік топтар арасындағы «цифрлық алшақтық» өзекті проблемаға айналып отыр. Сондықтан цифрлық теңсіздікті жоспарлы түрде азайту біздің ұйым қызметінде нақты басымдыққа айналуға тиіс деді Мемлекет басшысы. Әрі ұйым кеңістігінде Қазақстан Цифрлық хабқа айнала алатынын айтты. Сондықтан ендігі жылы Астанада Цифрлық форум өткізуді ұсынды. Елдер мен халықтардың арасын жақындатудың тағы бір тиімді тетігі – туризм.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қазақстанның ШЫҰ-ға төрағалық ету кезеңінде Алматы қаласын Шанхай ынтымақтастық ұйымының туристік және мәдени астанасы деп жариялауды ұсынамын. Осыған орай «ШЫҰ-ның киелі орындары» жобасын қолға алуды ұсынамыз. Ұлы ойшыл Қожа Ахмет Ясауи кесенесі Қазақстандағы әлемдік маңызы бар осындай киелі орын саналады. ШЫҰ-ның «Алтын Орда және оның мұрасы» атты конференциясы аясында осы ортағасырлық сәулет өнерінің ұлы ескерткішінің таныстырылымын қасиетті Түркістан шаһарында өткізуді жоспарлап отырмыз.

Жиын қорытындысында Нью-Дели декларациясы мен бірқатар басқа да құжат қабылданды. Президент ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларын келесі жылы Астанада өтетін Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитіне қатысуға шақырды.


Хабарламаларға жазылу