Сирек кездесетін жер элементтерін игеру үшін еуропалық компаниялар тартылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сирек кездесетін жер элементтерін игеру үшін еуропалық компаниялар тартылады

04.07.2023

Сирек кездесетін жер элементтерін игеру үшін еуропалық компаниялар тартылады. Бұл туралы «Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы маңызды шикізат саласындағы іскерлік әріптестік» форумында айтылды.

Шетелдік компаниялар салаға қомақты инвестиция құйып, жерге геологиялық барлау жүргізеді. Қазір Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі қызығушылық танытқан компания өкілдерімен түсіндірме жұмыстарын жүргізіп жатыр. Инвестиция шарттары таныстырылып, екі жақты келсіссөздер жоспарланған. Жасыл экономика қағидаттарын ұстанған еуропалық компаниялар жергілікті өндірушілермен бірлесе немесе жеке жұмыс істей алады. Бұл ретте ең бірінші қазақстандық тараптың талаптарын орындауға басымдық беріледі. Форум аясында шетелдік компаниялар нарықтағы жетістіктерімен бөлісті. Оларға біздің елдегі металлургиялық кәсіпорындардың мүмкіндіктері туралы ақпарат берілді.

Ілияс Оспанов, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің орынбасары:

Еуропалық Одақпен критикалық материалдарды дамыту бойынша бізде келісімшарт бар. Соның шеңберінде осы іс-шараны өткізіп отырмыз. Сирек материалдар болғандықтан, аты айтып тұрғандай, технологиялары да сирек кездеседі. Компетенция мәселесі де бар. Бізде оған жеткілікті мамандар керек. Солардың барлығын дамытып, оқытып, дайындау қажет.


Хабарламаларға жазылу