Депутаттар жол, ауыз су, интернет, ауыл шаруашылығындағы мәселелерді талқылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Депутаттар жол, ауыз су, интернет, ауыл шаруашылығындағы мәселелерді талқылады

02.07.2023

Осы аптада мәслихат депутаттары тұтас мемлекеттік жүйедегі және жол, ауыз су, интернет, ауыл шаруашылығындағы мәселелерді талқылады. Мемлекеттік сатып алу жүйесінде олқылық көп. Өңірлерде бір мердігер бірнеше жобаны ұтып алып, жұмыс күші жетпей нысанды ақырында уақытында тапсырмайды. Ал оңтүстікте істейтін мердігер солтүстік аймақтағы жобаны ұтып алып, жұмысты қиындатады. Мәслихат депуттарының форумында осы түйткілдерді қалай шешуге болатынын талдады.

2 жарым мың депуттатың басын қосқан шара қалай өтті? Тағы қандай ұсыныстар айтылды? Айя Мүтәлінің материалында.

Айя Мүтәлі, тілші:

Елімізде үш жарым мыңға жуық мәслихат депутаты болса, соның 75 пайызы, яғни 2 жарым мыңы Аманат партиясының мүшесі. Бүгін партия атынан сайланған мәслихат депуттары түгелімен Астана алаңында бас қосты. Форум алғаш рет республикалық деңгейде өтіп жатыр. Саяси шараның ашылу рәсімі қазір бірер сәттен соң басталады.

Үш ай бұрын ғана мандат алған депутаттар Қазақстанның әр аймағынан жиналды. Бір-бірімен танысып, мәре-сәре.

Биылғы мәслихаттың құрамында мүмкіндігі шектеулі азаматтар көп. Жетісу өңірінен сайланған Елдос Баялышбаев депутат төсбелгісін алғаш рет тағыпты. Бүгінде саяси мансабынан бөлек, спорттық-оңалту орталығын басқарып отыр.

Елдос Баялышбаев, Жетісу облысы мәслихатының депутаты:

Өзім сияқты тағдырластардың құқығын қорғау. Ертең олар отбасына тірек болсын деп, жұмыс істесін деп +сол үшін келдім. Өйткені, мүмкіндігі шектеулі жандар көп. Білімді азаматтар бар.

Мәслихатта жастардың да қатары артқан. Ең жас депутат Түркістан қаласында. 22 жастағы Мұсабек Құлбатыр бүгінде қалалық фракцияға жетекшілік етеді.

Мұсабек Құлбатыр, Түркістан қаласы мәслихатының депутаты:

Халықтың аманаты бізде қазіргі Түркістан қаласында канализация деген 2013 жылдан бері басталып келе жатқан. Әлі тұрақты шешімін тапқан жоқ. Сол мәселелерді министрлікке қоюға жол мәселесі шешімдерін білейік деп келіп отырмыз.

Форумға партия төрағасынан бастап Үкімет мүшелері және саяси ұйымның өзге де жақтастары келген. Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов бір жыл ішінде «Аманат» бес бірдей саяси науқанға атсалысқанын атап өтті. Партия енді Мәжіліс пен мәслихаттың байланысын нығайтуды көздейді. Ол үшін Парламентте қаралған заң жобалары әуелі өңірде талқылануы тиіс. Ал аймақтағы депутаттарға жергілікті мәселелерді Астанаға жеткізбей шешу қажет екенін еске салды.

Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы, «Amanat» партиясының төрағасы:

Айналып келгенде, сол проблемалардың көбі сіздердің ықпалдарыңызбен өңірлік деңгейде шешілетін нәрселер. Сондықтан, барлық проблеманы орталыққа ысырып қоятын әдеттен арылғанымыз жөн деп ойлаймын.

Ал Үкімет басшысы аймақтағы халықтың, соның ішінде ауыл тұрғындарының табысын арттыру үшін биыл 100 млрд теңге бөлінетінін айтты.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:

Жоба 7 жылда 1 млн-нан астам ауыл тұрғынын қамтиды. Бұған 1 трлн теңге қарастырылды. Агроөнеркәсіптік кешенде 536 млрд теңгені құрайтын 300-ге жуық жоба жүзеге асырылуда.

Ал Мемлекеттік кеңесші соңғы 3 жылда саяси реформалардың 4 пакеті жүзеге асқанын атап өтті. Осы аралықта 20 заң қабылданған. Конституцияның үштен бірі өзгерген.

Ерлан Қарин, ҚР Мемлекеттік Кеңесшісі:

Президент ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру үшін білім, мәдениет, ғылым салаларын дамыту қажеттігін атап өтті. Бұл біздің қоғамның дамуындағы негізгі үш деңгейі болуға тиіс.

Жалпы, 11 панельдік сессия ұйымдастырылды. Олардың аясында мәслихат депутаттары өңірдегі мәселелерді шешудің жолдарын үкімет мүшелерімен талқылап алыпты.

Дәулет Кәрібек, «Amanat» партиясының хатшысы:

Мынау гос закуп деп айтамыз ғой. Соны өткізу бойынша заңның барлығы орталық деңгейде қабылданады Яғни, батыста болып жатқан тендерді, оңтүстік ұтып алады. Ал оңтүстікте болып жатқанды шығыс ұтып алады. Шығыстыкі солтүстік ұтып алады. Осы мәселелердің барлығын қарастырып, ертең сапасыз құрылыс, сапасыз жол, сапасыз мәдениет ошағы, сапасыз денсаулық орталығы болмасын деп осындай мәселелерді қарастырып, талқылады.

Форумда халықтың сенімінен шыққан депутаттарды кадрлық резервке қосу туралы ұсыныс айтылды. Олар кейіннен қала, аудан әкімі бола алады. Әрі Парламентке кіруге де мүмкіндігі бар. Алғаш рет өткізіліп жатқан саяси шара бұдан былай жыл сайын немесе екі жылда бір рет ұйымдастырылып отырады.

Айя Мүтәлі

 

Хабарламаларға жазылу