Апта өтсе де, бір күндік бүліктің жаңғырығы әлі естіліп жатыр. Пригожинді не күтіп тұр? Бар кінә генерал Суровикинге артыла ма? Кремль қандай түйін түйді? Көрші елдегі оқиға осы апта Ақордада қайта талқыланды. Журналистермен кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев былай дейді:
«Шетелде және біздің геосаяси төңірегімізде болып жатқан оқиғаларды объективті түрде жариялап көрсету бойынша отандық журналистердің алдында жауапты міндет тұр. Бұл міндетті сәтті орындау сіздердің қолдарыңыздан келеді. Мысалы, жуырда Ресейде болған оқиғаны жариялап көрсету барысында осылай болды. Азаматтарымыз бұл бүлік әрекетін алаңдаушылықпен қабылдағаны рас. Ол түсінікті. Өйткені Қазақстан мен Ресей арасын әлемдегі ең ұзын шекара бөліп жатыр. Біз бірыңғай экономикалық кеңістікте орналасқанбыз. Екі елді мыңдаған гуманитарлық байланыстар мен қатынастар біріктіреді». Цитата соңы.
Ол Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлескенде Ресей президентiнiң биылғы күзге жоспарланған Қазақстанға сапарын да талқылағанын айтады. Әрі Тоқаев БАҚ өкілдерімен кездесуде Қазақстанның Ресеймен ұзақ мерзімді және тұрақты стратегиялық әріптестік форматындағы көпжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға қатысты ұстанымын тағы бір нақтылайды. Ал бірер күннен соң Ішкі істер министрлігінің алқа мәжілісінде президент Қазақстан төңірегінде «аса қауіпті оқиғалар» болып жатқанын айта келе, «ұйымдасқан қылмыстық топтармен ымырасыз күрес жүргізуді аса маңызды», - дейді.
«Таяудағы оқиғалар қылмыс әлемінің өкілдері, түптеп келгенде, мемлекет пен заңға бағынатын азаматтарға қарсы бас көтеріп, саяси талап қоюға және өз дегенін жасатуға тырысатынын көрсетті», - деді Мемлекет басшысы. Президент баяндамасында ешбір мемлекет, адам атын атап, түсін түстемейді. Дегенмен, кімді, қай оқиғаны меңзегінін есті адам түсінетін шығар?!
Әлемдік БАҚ пен саясаттанушылар да «Вагнер» тағдырын талқылап жатыр. Әсіресе, «Пригожинге не болады?» деген сұрақтың жауабы көпшілікке қызық. Кей ақпарат құралдарында «Евгений Пригожин Беларусьте қалмай, Африкаға кетеді» деген сценарийді талдап жатыр. Тіпті, түрмеге түсіп қалу қаупі бар, - деген нұсқа да айтыла бастады.
Рысбек Масгут, халықаралық саясат бойынша сарапшы:
Пригожиннің әскері Пригожиннің өзінен де маңызды. Егер ойыннан шығарам десе. Оның орнына бір адамды табу керек. Бірнеше айға созылуы мүмкін, біріншіден. Бұл жерде бейтараптық саясат қолданды ғой біздің президент. Бұл өте дұрыс болды деп ойлаймыз. Себебі адамдарда күдік болды бізден әскер сұрай ма, қандай да бір азаматтық соғыс болатын болса, көптеген адам Қазақстанға кіріп келе ме деген. Бірақ оң аяқталды.
«Вагнер» жеке әскери компаниясының жетекшісі апта соңында «Патриот» медиа-холдингін таратып жібереді, - деген ақпарат та шығып қалды. Ал «ЯRUS» әлеуметтік желісінің жұмысы тоқтағанын және жобаға қаржы бөлінбей жатқанын әкімшілік растап отыр. Оған себеп «тұрақсыз саяси жағдай» деп жазған.
Вагнердің бүлігінен кейін Ресей қарулы күштері бас штабының бастығы Валерий Герасимов пен Украинада Ресей күштері қолбасшысының орынбасары генерал Сергей Суровикиннің көрінбей кеткеніне де БАҚ назар аударып отыр. Мәселен, New York Times америкалық барлаушылары берген мәліметке сүйеніп, Суровикин бүлік туралы алдын-ала білуі мүмкін екенін және Ресей билігі оның қатысы бар-жоғын тексеріп жатқаны туралы жазады.
Moscow Times та осы нұсқаны талдаған. Тіпті, басқа да жоғары шенді офицерлер тергелуде, - деген. Ал Суровикиннің қызы Вероника Ресей басылымдарының бірінде әкесінің «жағдайы жақсы, жұмыс істеп жүр» деп мәлімдеме жасапты.
Рысбек Масгут, халықаралық саясат бойынша сарапшы:
Ол кісі Пригожиннің негізгі серіктесі деп америкалық БАҚ 2018-ден бері «Вагнер» групптың ВИП мүшесі болып келген деп айтылып жатыр. Бірақ менің қарауымша, бұл жерде Путин осы кісіге қарсы әзірге қандайда бір әрекет жасайды деп ойламаймын. Қазір барлығы тексеру үстінде. Ал кінәні кімге артуды үлкен жоғары лауазымды емес, төмен лауазымды адамдар да болуы мүмкін.