Бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысы өтіп, онда сегізінші сайланған Парламенттің бірінші сессиясы ресми түрде жабылды.
Депутаттар биылғы 1 қыркүйекке дейін парламенттік каникул деп жарияланатыны туралы арнайы қаулы қабылдады.
«Бүгін біз сегізінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламентінің бірінші сессиясының жұмысын аяқтап, қорытындылап отырмыз. Атқарған қызметіміздің нәтижесін дәстүр бойынша түйіндеп, болашаққа жоспарымызды нақтылап алуымыз қажет. Былтыр Қазақстан халқы бүкілхалықтық референдумда Президент реформаларын қолдады. Еліміздің жаңарған Конституциясы бүкіл мемлекеттік жүйе бойынша ауқымды өзгерістерге жол ашты. Суперпрезиденттік жүйеден президенттік республика үлгісіне көштік. Парламенттің рөлі мен мәртебесі күшейді. Ел басқару ісіне халықтың атсалысу белсенділігі арта түсті. Азаматтардың құқығын қорғаудың конституциялық тетіктері нығайтылды. Сенат пен Мәжіліс депутаттарын сайлау елдегі саяси жаңғырудың шешуші кезеңіне айналды. Заң шығарушы орган толығымен қайта құрылды», - деді Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов.
Осы орайда палата спикері Сенаттың құрылымы өзгергенін еске салды. Қазақстан халқы Ассамблеясы Сенатта өз мандаттарын алды.
Қос палата отырысына Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев, Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов, Үкімет басшысы Әлихан Смайылов, Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин, Үкімет мүшелері қатысты.