Парламент Сенатының депутаттары сайланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Парламент Сенатының депутаттары сайланды

05.10.2014
Парламент Сенатының депутаттары сайланды

Осы аптада Орталық сайлау комиссиясы Парламент Сенатының депутаты болып сайланған азаматтардың тізімін жария қылды. Олардың орта жасы 56-да. Инженер, агроном, экономист секілді кәсіп иелері. Төртеуі қайта сайланған сенатор болғанымен, қалғандары депутат болып көрмеген.

Араларында жұртшылыққа, әсіресе, Жетісу өңіріне жүзі таныс азамат та бар. Ол Алматы облысының бұрынғы әкімі - Аңсар Мұсаханов. 48 жастағы сенатордың мамандығы - мал дәрігері екен.

Жалпы, Парламенттің жоғарғы палатасында 47 депутат болады. Олардың 32-сі, яғни, әр өңірден екі депутат 6 жылға сайланады. Заңға сәйкес, бұл жолы оның жартысы сайланды, қалғандары осыдан үш жыл бұрын анықталған, құзыреттері аяқталған жоқ. Қалған 15 сенаторды Президенттің өзі тағайындайды. Жайлы орынмен қоштасқандар не дейді?

Сайлау – саяси науқан. Сондықтан, оның неғұрлым салмақты, сабырмен өткені абзал. Солай болды да. Бірақ, осы сайлауға кім, қалай қатысады? Алдымен, соны білмекке осыдан алты жыл бұрын сенатор болып сайланған депутатқа жүгіндік.

Қожахмет Баймаханов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

Мен 2004-те Қызылорда қаласының әкімдігінен кеткен кейін, менің өзі мамандығым құрылысшы, сол бизнесте жүргенмін. 2008 жылы Болатбек Қуандықов сол кездегі облыстың әкімі мені шақырып, осылай сізді Сенатқа ұсынсақ деген ойымыз бар, қалай қарайсыз, деді. Мен «сеніп тапсырып жатсаңыздар рахмет, барамын», дедім. Енді мен Сенатқа бармаймын, Сенат маған керек емес дегенім көргенсіздік болады ғой.

Сайлауға кімнің, қалай қатысатынын түсінген боларсыз. Ендеше, осы науқанның басқа сайлаудан айырмашылықтарын айта отыралық. Бұл жаппай халық қатысып дауыс беретін сайлау емес. Баламалы түрді өтетін науқан.

Яғни, Сенаторды сіз сенім артқан жергілікті жерлердегі мәслихат депутаттары сайлайды немесе таңдайды. Ал, олардың бұл шараға қатысу белсенділігі биыл бұрынғы жылдардан әлдеқайда жоғары болған.

Қуандық Тұрғанқұлов, ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы:

Тізімге енгізілген 3279 таңдаушының жалпы санынан дауыс беруге 3216-сы немесе 98,7 пайызы қатысты. Бұл 2008 жылғы, 2011 жылдары өткізілген сайлаулардан сәл артық.

Сенат сайлауына алғашында 80-нен астам үміткер қатыспаққа ниет еткен. Бірақ көбі түрлі себеппен жол ортада райларынан қайтып, тек 39 азаматтың аты-жөні сайлау бюллетендеріне енгізілді.

Озып шыққан 16-сы енді жоғарғы палатаның партасына жайғасады. Бірақ, депутат болған азаматтар жерлестері артқан сенімді ақтай ала ма?

Қожахмет Баймаханов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

Ұсыныстарыңды қабылдамайды. «Мұны тез қабылдау керек. Ертең күзде тағы келеміз сізге. Сол кезде мына сіздің айтқан ұсыныстың бәрі дұрыс. Сол жерде тағы қараймыз», деп. Өкініштісі, бір бәсеңсіп кеткендей болды. Сенат Мәжілістің бір бөлімі сияқты, сондай бір қалыпқа бара жаздап, бара жаздап, қазір бір қайтадан қайтып келе жатқан сияқты.

Осы жолы сайланған Сенат депутаттарының орташа жасы - 56-да. Олардың жетеуі инженер, төртеу ауыл шаруашылығы қызметкері, екеуі экономист, тағы екеуі оқытушы және біреуі заңгер. Міне, осыншама маман иелері бақ сынаған сайлауды осы жолы халықаралық және қоғамдық бірлестіктер мен саяси партиялардың 387 байқаушысы бақылады.

Махмадшариф Хакдодов, ШЫҰ Бас хатшысының орынбасары:

Біздің ұйым атынан келген миссия Қазақстандағы Парламент Сенатының сайлауы Қазақстан заңнамасы мен халықарылық міндеттемелерге сай және әділ,  демократиялық түрде өтті деп айта алады. Біздің өкілдер Астана мен Алматы қалаларындағы сайлау учаскелерінде  болды.

Сергей Лебедев, ТМД-ның атқарушы хатшысы:

Бақылау барысында сайлауды ұйымдастыру кезінде де, оның өтетін күні де ешқандай кемшіліктер болмағанын айтқым келеді. Біздің ұйымнан 114 бақылаушы Қазақстанның барлық өңіріндегі сайлауға қатысты. Барлығы ойдағыдай өтті.

Осы жолы сайланған 16 азаматтың төртеуі бұрыннан сенатор болғандар. Қалған 12-сі Сенат табалдырығын тұңғыш рет аттағалы отыр.

Қожахмет Баймаханов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

Екінші мерзім, үшінші мерзім дейді ғой мысалы, алты жыл, алты жылдан кейін тағы алды жыл он екі жыл, кейбір адамдар  мысалы 18 жыл сенатор болған екен. Мен оны өте көп деп есептеймін. Қай қызмет болсын, бес жылдан көп болмауы керек.

Бес жылда қан үйреніп кетеді, кейбір мәселеге «әй, қойшы, соны несіне айтамын», дейсің, өзіңді ойлайсың, бала-шағаны, басқаны ойлайсың дегендей. Сондықтан,  мына жаңа буын, жаңа толқынның келіп тұрғаны дұрыс.

Жаңадан сайланған депутаттардың арасында жалғыз әйел бар. Ол Солтүстік Қазақстан облыстық Статистика департаментін басқарған - Ольга Перепечина. Ал Сенатқа аймақтардан сайланатын 32 депутаттың осы жолы сайланған 16-сы өз қызметтеріне алдағы желтоқсан айынан бастап кіріседі.

Айбек ҚОБДАБАЙ

Хабарламаларға жазылу