Қызылордада ақын, жырау Жүсіп Қадірбергенұлының 150 жылдығына орай республикалық ақындар айтысы өтті. Өнер аламанына елге танылған 12 айтыскер ақын қатысып, қара өлеңнің шебері Қаңлы Жүсіп туралы жыр толғады.
Сөздің зергері Қаңлы Жүсіп төл өнерді дәріптеген Сыр шайырларының бірі. Елдік пен теңдікті, ұлттың бірлігін жырға қосқан ақынның бірнеше дастандары бүгінгі ұрпаққа рухани мұра. Ол жазба айтыстың қалыптасуына да өз қолтаңбасын қалдырған тұлға. Ақмешіт төрінде бас қосқан арқалы ақындар Жүсіп Қадырбергенұлының шығармаларын тереңінен зерделеп, өнер сүйер қауымға кеңінен насихаттады.
Ұлықбек Есдәулетов, қазылар алқасының төрағасы:
Ол кісінің Кете Жүсіппен 8 жыл айтысуы – бұл әлемнің әдеби тарихында болмаған дүние. Қаңлы Жүсіптің өмірі мен шығармашылығының қыр-сыры біршама ашылды деп мен айтар едім.
Алты жұпқа бөлінген ақындар алты сағаттан аса айтыстың көркін қыздырап, көрерменнің құрмет-қошеметіне бөленді. Нәтижесінде бірінші орынды үш дүркін «Алтын домбыра» иегері Мұхтар Ниязов иеленсе, екінші орынды шиелілік Иранғайып Күзенбаев еншіледі. Қара сөзден өрнек өріп, аламанда тұсау салдырмаған шымкенттік ақын Нұрлан Есенқұлов қазылар алқасының шешімімен бас жүлдені жеңіп алды.
Нұрлан Есенқұлов, бас жүлде иегері:
Қара сөздің қазынасы Қаңлы Жүсіптің айтысына қатысып, жүлделі болып жатқаныма дән ризамын. Сондай ықылас танытқан Сыр елінің халқына алғыс айтам әуелі.
Шайырын ұлықтап, төл өнерді төрге оздырған Сыр жұртшылығы ақындар жырымен сусындап, керемет рухани азық алды. Жалпы Алаштың анасы атанған аймақта енді жыл сайын республикалық аламан айтыс өткізу дәстүрге айналмақ.
Әділбек Серікұлы