Жылу маусымына тиісті дайындық жүргізбеген жауапты басшылар жұмыстан кетеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жылу маусымына тиісті дайындық жүргізбеген жауапты басшылар жұмыстан кетеді

27.06.2023

Жылу маусымына дайындық тиісті деңгейде жүрмесе, жауапты басшылар жұмыстан кетеді. Бүгін Үкімет отырысында Премьер-министр Әлихан Смайылов осылай деді. Өткен қыста Екібастұз, Риддер, тағы бірнеше елдімекен қыс бойы қалтырап шыққаны есте. Алдағы маусымға дайындықты нашар деп бағалады Премьер-министр. 

Оңғар Алпысбайұлы, тілші:

Иә, биыл қысқа дайындықты Үкімет ерте бастады. Бұған дейін Үкімет отырысында да, Мәжілісте де бұл мәселе қаралған. Осымен үшінші рет көтеріліп отыр. Дегенмен әлі де кей шаруалар жоспардағыдай атқарылмай отыр. Келер жылға қалып қойған жобалар да бар. Мәселен, Атырау жылу орталығында турбиналарды жөндеу жұмыстары басталған жоқ. Мерзімнің кешігіп жатқанына 60 күн. Рудный жылу орталығында да осындай жағдай. 45 күннен бері жұмыс тоқтап тұр. Теміртау қаласының ГРЭС-1-дегі қазандықты жөндеу жұмыстары жоспардан мүлдем алынып тасталған. «Айта берсек, мұндай мысалдар көп», - деді Әлихан Смайылов. Энергия объектілері иелерінің жауапкершілігін күшейту қажет. «Олардың алдына қатаң түрде қарсы міндет қою керек. Өйткені уәкілетті органдар 27 энергия өндіруші компания үшін көтерме тарифтерді бекітіп берді», - деді ол. Ал жергілікті билік пен министрлік кабинетте отырып басқарса іс өнбейді. Барлығы жұмыс жүріп жатқан жерге барып, тікелей сол жерден жұмыс істеу керек екенін де ескертті.


Хабарламаларға жазылу