Алматыда Қорғаныс министрлігіне қарасты Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының 122 түлегі лейтенант атанды. Олардың сегізі – үздік диплом иегері. Жас офицерлер Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдардың бөлімдеріне жолдама алды.
Түлектердің қоштасу вальсі. 5 жыл жауынгерлік машық пен әскери тәртіпте шыңдалған жас сарбаздар енді үлкен өмірге қадам басты. Солардың бірі – Темірлан Төлеубаев. «Әуе шабуылына қарсы қорғаныс» мамандығын тәмамдаған курсант жоғары оқу орнының даңқын асқақтатып, білікті әскери қызметкер болсам дейді.
Темірлан Төлеубаев, жас түлек:
Әр қазақтың азаматы, қазақтың жас баласы Отан қорғауға міндетті+ Біздің ата-бабамыз кезінде қанмен, термен елімізді қорғап, жерімізді бізге аманат етіп тапсырған. Ата-анамның барлығы қуанышты, ата-анам солардың арқасында осы жерге институтқа келгенмін.
Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтын жыл сайын 120-дан астам түлек тәмамдайды. Жоғарғы оқу орны 9 мамандық бойынша әскери қызметкерлерді даярлап, еліміздің қарулы күштер қатарын мықты мамандармен толықтырып келеді.
Ерәлі Тұрғынбаев, Радио электроника және байланыс әскери-инженерлік институтының бөлім басшысы:
Біздің түлектеріміз Қазақстан Республикасының тәуелсіздігін қорғауға дайын екеніне күмәнім жоқ. Бауыржан атамыз айтып өткендей: «Отан үшін отқа түс, күймейсің»,- дегендей, бүгін түлектеріміз алғашқы қадамдарын басып бара жатыр.
Жас офицерлер салтанатты шерумен жүріп өтіп, институттың жауынгерлік туымен қоштасу рәсімін жасады. Екінші курс курсанттары қонақтарға қару-жарақпен саптық элементтерді көрсетті. Айта кетейін, әскери институт – Орта Азиядағы радиоэлектроника және байланыс инженерлерін даярлайтын бірден-бір оқу орны.
Жазира Оразқызы