Елордалық балалар үйіне - 90 жыл - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордалық балалар үйіне - 90 жыл

23.06.2023

Астанадағы балалар үйінің құрылғанына биыл - 90 жыл . Тарыдайынан тағдырдың тауқыметін татқан жеткіншектерге жылу мен мейірім сыйлайтын мекеменің ғұмыры ғасырға таяп қалды. Соңғы 30 жылда мұнда 3000-нан аса бала қабылданған. Оның жартысынан көбі отбасын тапты.

Мұнда 4 жасқа дейінгі сәбилер қабылданады. Негізгі мақсат – баланы өз ата-анасымен табыстыру, қосу. Мамандардың көмегінің арқасында ішінен шыққан перзентін қайтадан қабылдап, өзімен бірге әкетіп жатқандардың қатары артып келеді. Бұдан бөлек, асырап алушылар да жыл сайын көбеюде. Жалпы, мұндағы кішкентай тұрғындарға барлық жағдай жасалған.

Гаухар Ибрагим, Мамандандырылған балалар үйінің қызметкері:

Тамақ жағы болса балалар 6 рет тамақтандырады. дәурмендері бар. Киімдері бар. Ойыншық бар. Условиямыз. Тек ананың құшағы, махаббаты жетпей тұр, но стараемся,өзіміздің аналық сезімімізді білдіреміз.

Бұл ғимарат 1993 жылдан бері балалар үйі. 100 орынға шақталған. Қазір періштелі шаңырақта 68 кішкентай тәрбиеленіп жатыр

Татьяна Цечоева, Мамандандырылған балалар үйінің меңгерушісі:

Бұл жерде ата-аналары бас тартқан балалар да, ата-аналары әзірге белгілі бір қиындықтарға байланысты уақытша қалдырып жүрген балалар да бар. Анасы мәселелерін шешіп, аяққа тұрғаннан кейін баласын алып кетеді. Сондай-ақ, бізде жан-жақты оңалтудан өтіп жатқан балалар бар. Біз оларды ерекше балаларымыз дейміз.

Ерекше балалар кешенді әлеуметтік – медициналық-педагогикалық оңалтудан өтеді. Олармен білікті мамандар жұмыс істейді. Заманауи құрылғылар мен әдіс-тәсілдер қолданылады. Ең бастысы бұл жердегі кішкентайлар бір үйдің балаларындай өседі.

Оксана Гречишкина, Мамандандырылған балалар үйінің әдіскері:

Біз біріншіден, үйдегідей жағдай жасадық. Біздегі әр топ бір жанұя сияқты. Бір топта жасқа толмаған бала да, одан үлкені де және ерекше қажеттілікті қажет ететін бала да бар. Көпбалалы отбасы сияқты. Балалар осы тәсілмен бір-біріне қарайласа, бауыр болып, өте жақсы дамиды, өседі.

Мұнда талай бала тәрбие алды. Ана, әке, бауыр тапты. Өмірге, әлеуметке бейімделді. Бұл ізгі іс әлі де жалғасын тауып жатыр. Дегенмен, мұндағы қызметкерлердің өзі де бұл үйдің іші қаңырап бос қалғанын қалайды, кейде. Себебі, қоғамда жетім бала бала болмаса екен дейді. Бірақ, періштелі шаңырақтың шежіресі 90 жылдан асып, жалғасып бара жатыр.

Азамат Бейбітұлы


Хабарламаларға жазылу