Алматылық кәсіпкерлер базарларды жаңғырту бағдарламасын 2025 жылға дейін ұзартуды сұрайды. Бұл үшін мемлекет субсидия бөлсін дейді. Апта басында Сауда және интеграция вице-министрі Арман Шаққалиев тізім бойынша биыл үлгермегендердің жұмысы тоқтатылады деген еді. Алайда модернизация жасағанымен қаражаты желге ұшқан кәсіпкерлер де бар. Олар мәселеге Үкіметтің араласуын сұрайды.
Тым құрығанда жеңілдетілген несиеге іліге алмаймыз деген кәсіпкерлер, алдағы алты айдың ішінде базарды қайта жаңғыртудан өткізетін шамамыз жоқ дейді. Вице-министр айтқандай-ақ болса, жаппай жұмыссыздық белең алып, ахуал күрт қиындайды. Осыған алаңдаған кәсіп иелері министрлік мерзімді 2025 жылға дейін созсын дейді. Әйтпесе, жаңғыртудан өтпегендер жұмысын тоқтатып, 100 мыңға жуық адам нәпақасыз қалмақ.
Жәмила Төленова, ЖШС заңгері:
Мына қалада модернизацияны бітіруге кедергі болатын екі жайт бар.Жерге деген құқық анықталмаған. Оны әкімдік бермей отыр. Екіншісі базарды салып бітіруге қаражаты жетпейді.
Ал модернизациядан өтпеске болмайды деп, 2016 жылы қайта жаңғырту жұмыстарына қаражат құйған кәсіпкерлер қазір өзіміз далада қалдық деп отыр. Өйткені, сауда орнының директоры ғимаратты сатып жіберген.
Сәуле Абдуллина, кәсіпкер:
Ал неге бізді ешкім қорғамайды. Модернизация десеңіз міне жасадық ал біз модернизация. Біздерді ешкім тыңдамаса, далаға лақтырып жіберсе, не болды сонда 67 адам 4,5 миллион доллар ақша салды. Модернизацияны жасағанда кәсіпкерлерге көмек көрсету керек, Үкімет жағынан қандай да бір защита болу керек.
Министрлік, модернизациядан өтпеген базарларды бас салып жаппаймыз, дүрлігудің қажеті жоқ дейді. Тек замануи талапқа сай сауда орнының санын алдағы 3 жылда 70 пайызға дейін жеткізуді көздейді екен.
Ғалия-Бану Мейірбаева, ҚР Сауда және интеграция министрлігі сауда комитеті төрағасының орынбасары:
Мерзімді ұзартуға қатысты кәсіпкерлермен кездескенде бұл соңғы рет деп ескерткенбіз. Осымен үшінші рет созылып отыр. Бұл негізі дұрыс емес. Десе де, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы тағы да созу қажет деген ұсынысты Мәжіліске жіберді. Енді депутаттар оңтайлы шешім қабылдар. Ал қаржылық қолдау бойынша министрлік бағдарлама әзірлеуде.
Айта кетейік, елімізде 2025 жылға дейін бас-аяғы «Жол картасы» бағдарламасына ғана енген 74 базар модернизациядан өтуі керек. Ал тізімде жоқ сауда нүктелерін бұл мәселе әзірге айналып өтеді. Яғни, Алматыдағы 26 базардың 15-і биылдан қалмай қайта салынуы керек деген сөз.
Әйгерім Ердәулет