Миллиондаған қарызы бар алматылық кәсіпкерлер көмек сұрайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Миллиондаған қарызы бар алматылық кәсіпкерлер көмек сұрайды

18.11.2020

Карантин отандық шағын және орта кәсіпке кері әсер етті. Бизнес ашамын деп несие алғандар ай сайынғы төлемін өте алмай, тығырыққа тірелдік деп отыр. Қызметкерлерінің еңбекақысы үшін мойнында миллиондаған қарызы тағы бар. Олар жұмыс жүрсе, берешекті толық өтеуге әзір. Алайда қазір мемлекеттің қолдауына зәру. 

Кәсібіне карантин кері әсер еткендердің бірі - Бақыт Жұмашев. Бір жыл бұрын бизнес бастаймын деп 25 миллион теңге несие алады. Алматыда мүмкіндігі шектеулі 120 адамға жұмыс беремін деп жоспарлаған. Жиһаз дайындау, тігін шеберханасы, баспа өнімдерін шығару. «Ұшқын» мекемесі осы қызметтің бәрін ұсынуы тиіс еді. Алайда карантиннің кесірінен кәсіпкердің ауқымды жобалары басталмай жатып тоқтап тұр.  

Бақыт Жұмашев, «Ұшқын» мүгедектер мекемесінің директоры: 
Айына 800 мыңдай төлеймін. Соны төлей алмай, қиындыққа тап болып отырмыз. Уақытылы төлеп келген едім. Қазір клиент жоқ. Бұлай жалғаса берсе, мекеме банкротқа ұшырайды.

Бақыт Жұмашев секілді тығырыққа тірелген кәсіпкер көп. Төтенше жағдай кезінде бизнес иелері 24 мыңға жуық несиесінің төлеу мерзімін кейінге шегеруді сұраған. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, осы уақыт аралығындағы берешек 209 млрд теңгеден асады.  

Айдынбек Сандыбаев, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің басқарма басшысы:
800 мың төлей алмайды, 250-300 мың төлей аламын десе, графигін өзгертсе, неге болмасқа? Өзгерту үшін өтініш беру керек. Қаржысы бойынша есебін көрсету керек. 

Кәсіпкер Бақыт Жұмашев та несиелерін алған қаржылық ұйымдарға өтініш жазған. Қазір соңғы шешімін күтіп отыр. Дегенмен банктен уақытында әрі мардымды жауап берілмесе немесе қолдау көрсетуге қарсы болса, агенттікке шағымдану қажет. Мамандар мәселені назарға алып, қаржы мекемелеріне қатысты тиісті шешім қабылдайды.

Жазира Оразқызы

Алматы

Хабарламаларға жазылу