Түркістан облысындағы «Жыззақ- Жетісай-Жібек жолы» автожолында қатынас қиындады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысындағы «Жыззақ- Жетісай-Жібек жолы» автожолында қатынас қиындады

22.06.2023

Түркістан облысындағы «Жыззақ- Жетісай-Жібек жолы» автожолының Келес ауданынан өтетін тұсында қатынас қиындады. Себебі аптап ыстықта жол жөнделмей жатыр. Тұрғындар шаңға тұншықтық десе, шаруалар өнімдерін өткізе алмадық деп шағымдануда. Бұл бүгін түнде түсірілген көрініс. Келес ауданынан өтетін күре жолдың 12 шақырымындағы жөндеу жұмыстары жүргізішілердің жүйкесін жұқартқан. Дені діттеген жеріне жете алмай, кептелісте тұрса, енді бірі жолдың ойдым-ойдым шұқырларынан шаршадық дейді. Республикалық маңызы бар бұл жолдан тек Келес ауданының тұрғындары емес, Жетісай мен Мақтаарал аудандарының халқы да күнде қатынайды. Себебі Мырзашөлге баратын басқа жол жоқ. Өзбекстан мен өзге де шетелдерге қатынайтын жүк көліктері де осы жолды кесіп өтеді.

Ержан Бектөреев, жүргізуші:

45 градус ыстықта мына бірмен жүргеннен кейін машинаның суы қайнап кетіп жатыр. Мына үйден су алдық. Күніге осы.

Шаң тозаңға тек жүргізушілер мен жолаушылар емес, осы маңдағы ауыл тұрғындары да тұншыққан. Себебі жөндеу жұмыстары басталғалы бері берекеміз қашып, далаға шығудан қалдық дейді.

Әлия Асубай, жергілікті тұрғын:

Мына үйде тұрамыз. Үйдің бәрі шаң. Далаға отыра алмаймыз. Кір жая алмаймыз. Осы жолды жасалады дегеніне бір ай болды, әлі жасалып жатқан жоқ.

Жұмысы жұрттың көңілінен шықпаған мердігер мекеме өкілдері болса , бәріне көліктердің қозғалысы тоқтамауы себеп дейді. Өйткені осы маңнан айналма жол қарастырылмағандықтан, жағаласып жұмыс жүргізіп жатқандарын айтады.

Ерсұлтан Пазылов, техникалық қадағалаушы компанияның бас инженері:

Қозғалымс өте жоғары деңгейде. Тәулігіне жоғары деңгейде автокөлік жүреді. Сол себепті бізге жұмысты толығымен атқаруға кедергісін келтіруде. Айналма жол Шардара-Жетісай тасжолы қарастырылған. Оған жергілікті билік рұқсат етпей отыр, Неге? Өйткені жолға түскен күш алты тоннадан артық жүргізуге тиым салынған. Сондықтан да қиын жағдай болып тұр.

Аптап ыстықта жұмысшылар да күндіз екі сағаттай демалады екен. Ал түнде мүлде жұмыс істемейтін болып шықты. Себебі арнайы рұқсат алмаған. Соған қарамастан алдағы екі аптада 12 шақырымды жөндеп тастаймыз деп жұртты сабырға шақырды.

Айнұр Әбілқасымқызы

Хабарламаларға жазылу