Электросамокатқа қатысты заң мақұлданды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Электросамокатқа қатысты заң мақұлданды

22.06.2023

Сенат электросамокаттардың қозғалысын реттейтін заңды мақұлдап, президенттің қол қоюына жіберді. Алайда депутаттар құжатты жарты жылдан кейін қайта қарауы мүмкін. Себебі заң жобасы шикі жазылған деп отыр. Сенаторларға құжаттың қай тұсы ұнамай қалды? Самокатшылар нені білуі қажет? Айя Мүтәлінің материалында.

Айя Мүтәлі, тілші:

Заң жобасына сай енді эектросамокаттарды 18 жастан асқан әрі қолында кез келген санаттағы көлікті басқару құқығын растайтын жүргізуші ғана басқара алады. Бұған қоса басында шлем, ал қараңғы уақытта үстінде жарық шағылыстыратын зат болуы қажет. Талапты орындамағандар 18 мың теңгедей айыппұл төлейді.

Заң жобасында әсіресе электросамакаттардың жылдамдығын шектеуге қатысты сенаторлардың шүйліккен тұсы көп болды. Жолда жылдамдықты сағатына 25 шақырымнан, ал тротуарда 6 шақырымнан асыруға болмайды. Алайда сенаторлар мұның қалай іске асатынын түсінбей отыр. Депутат Әлішер Сатыбалдиев әр өңірде жол қозғалысы әртүрлі болған соң, жылдамдықты да соған сай жергілікті органдар белгілеуі шарт деді. Бұған Ішкі істер министрінің орынбасары шектеуді ең әуелі самокатты жалға беретін компанияларға енгіземіз деп жауап берді.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

Сіздің жауабыңызға кішкене қанағаттанбай жатырмыз. Жалпы сонда механизмі қалай болады? Мысалы, олар қалада жүреді. Алматыда, Астанада басқа қалаларда сіздер барлық жерлерде камераларыңыз тұрған жоқ. Әр көшеге полицияны қоймайсыздар. Каршеринг компанияларымен қадағалаймыз дейсіздер. Механизмі қалай? Механизмін сұрап жатыр ғой, әріптестеріміз.

Министрлік мұны самокаттарға GPS енгізу арқылы іске асырмақ. Ал электрмен жүретін көлікті өзі сатып алғандарға ше? Ішкі істер органдары техникалық тұрғыдан бұған бақылау жасау мүмкін емес деп ақыры өздері мойындады.

Қайсар Сұлтанбаев, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы:

Жол апаты болған жағдайда біреуді қағып кеткен немесе дене жарақатын алған жағдайда, біз ол жерде арнайы сараптамалар жүргіземіз. Сол сараптамалар арқылы ол самокаттың жылдамдығының қанша болғанын, біз бүгінде айқындауға мүмкіндігіміз бар. Сол сараптаманың негізінде самокат жүргізушісін жауапқа тартуға болады.

Ал биыл 5 айдың өзінде самокаттаршылардың қатысуымен 10 жол апаты тіркеліп, 1 адам қайтыс болған. Тәртіп бұзатындар көбі - алматылықтар.

Айя Мүтәлі, тілші:

Заң жобасының шикі тұсы көп болғанына қарамастан сенаторлар құжатты мақұлдап, Президенттің қол қоюына жіберді. Спикер Мәулен Әшімбаев шешім қабылдау оңай болмағанын айтады. Десе де, заңның шын мәнінде қалай іске асатынын құжатты қолданысқа енгізген соң бірақ білеміз деп отыр. Сондай-ақ, алты айдан кейін заң жобасын қайта қарайтындарын айтып қалды.

Айя Мүтәлі


Хабарламаларға жазылу