Астанада каллиграф Мәдина Құсайынның «Қағазда қалған қалам ізі» көрмесінің тұсаукесері өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада каллиграф Мәдина Құсайынның «Қағазда қалған қалам ізі» көрмесінің тұсаукесері өтті

22.06.2023
Астанада каллиграф Мәдина Құсайынның «Қағазда қалған қалам ізі» көрмесінің тұсаукесері өтті

Астана қаласында Юнус Эмре атындағы түрік мәдени орталығының ұйымдастыруымен каллиграф Мәдина Құсайынның «Қағазда қалған қалам ізі» көрмесінің тұсаукесері өтті. Көрменің мақсаты - құснихат өнерін қайта жарыққа шығарып, Мәдина Құсайын сияқты тума таланттарды халықтың назарына ұсыну.

Көрмені Түркияның Қазақстандағы елшілігі, ҚР Парламенті және Қазақстандағы дипломатиялық корпус өкілдері, зиялы қауым мен өнерсүйерлер бірлесе салтанатты түрде ашты.

Қазақ қыздарының арасынан шыққан тұңғыш каллиграф Мәдина Құсайынның «Қылыш», «Қызғалдақ», «Түңгі ай», «Ғалам», «Махаббат», «Көңіл гүлі», «Ғалам» композициясы, «Кемшіліксіз», «Гүлді тапқан көбелек», «Тасбиық» көркем жазбасы сияқты 30 шақты көркем өнер туындысын халық 29 маусымға дейін тамашалай алады.


Мәдина Құсайын, каллиграф :

Арқалық қаласының тумасымын. 4 жасымнан бері Астанада тұрамын. Бала кезімнен сурет салу, бояумен бояу, мектептегі бейнелеу өнері сабағына қызығушылығым болатын. Әжемнің арқасында 12 жасымнан бастап ислам әлемі туындыларына деген қызығушылығым оянды. Мектеп және колледж жылдарында әрқашан шығармашылық жұмыстармен айналысқанды ұнататынмын. Плакаттар жасап, спектакльдерге қатысып, оркестрде де өнер көрсеткенмін. 25 жасымда осы бағытқа, яғни құснихат өнеріне толықтай бет бұрдым. Біздің елімізде бұл өнер аса қатты дамымағандықтан, алғашында түрік каллиграфтардың туындыларынан әсерленіп, сол жұмыстарды қайталап жазуға тырыстым. 2020 жылы ресейлік, ирандық каллиграфтардан сабақтар алдым. Құснихаттың жазу стилдері әр түрлі. Менің үйренгенім және жазып жүргенім - еркін, заманауи көркем жазу стилі. Көне, тарихи стильдерін оқу үшін арнайы рұқсаты бар ұстаз қажет, олардың үздіктері және көбісі Түркияда. Алдағы жоспарда әлі де даму, тағы сабақтар алу, заманауи өмірде пайдалы бола алатын көркем жазуды жалғастыру бар. Құснихат үшін қажетті материалдар мен бояуларды Түркиядан алдыртып отырамын. Бүгінгі таңда 200-ге жуық туындым бар. Осы өнердің ары қарай дамуына өз үлесімді қосқым келеді.

Нақыштап көркем жазу, яғни құснихат - дамыған Ислам мәдениетінің ажырамас бір бөлшегі. Түрік халқынан шыққан жәнекейіннен бір-бір мектепке айналғанәйгілі құснихатшылар: Шейх Хамдулла, Ахмед Карахисари, Хафиз Осман, Мұстафа Раким, Махмут Джелаледдин Эфенди, Есаризаде Мұстафа Иззет Эфенди. Осы орайда, «Құран Меккеде түсірілді, Мысырда оқылды, Ыстанбұлда жазылды» деген тұжырымдамаға сәйкес, Стамбұлдың Осман империясы кезінде әлемнің түкпір-түкпірінен көркем жазу шеберлерінің басын тоғыстырған қала болғанын айта кеткен жөн.

Өте ерте кезеңде VI-X ғасырларда пайда болған құснихат қаламмен сызылып, жазылады. Қаламы қамыстан, тақтайдан, бамбуктан жасалады. Жазу үшін қолданылатын сиясы оңайлықпен өшпейді. Бір қызығы, қағазға түскен жазу түзетуге келмейді. Бұл өнер қазақ жеріне жат емес. Десек те, қиын-қыстау замандарда көпшіліктің назарынан тыс қалған. Бекзат өнер түрі болып саналатын құснихат Қазақстанда енді дамып келе жатыр.


Алмагүл Исина, Юнус Эмре түрік мәдени орталығының директоры міндетін атқарушы, PhD:

2016 жылы Юнус Эмре түрік мәдени орталығының ұйымдастырумен өткен Мухаррем Гөкченнің «Астанада құснихат және каллиграфия күндері» атты көрмесі елорда жұртшылығымен өте жылы қабылданған болатын. Өз кезегінде Юнус Эмре түрік мәдени орталығы үнемі талантты, өнерлі қазақ жастарын қолдап отырады. 2019 жылы «Жастар жылы» аясында орталығымыз тарапынан жас суретші Назерке Кемелбаеваның «Қазақстандықтардың көзімен Түркия» атты жеке көрмесі ұйымдастырылды. Ал 2021 жылы «Оқушыларымыздың қыл қаламымен Түркия» атты үш қазақ суретшісінің көрмесін өткіздік. Енді дарынды каллиграф Мәдина Құсайынныңосы көрмесі арқылы біз жас буынның көркем жазу өнеріне деген қызығушылығын оятсақ, осы өнерді жалпы халыққа таныстырсақ деп отырмыз.Құснихат өнері шыдам мен талантты талап етеді. Әрі бұл бағытта еңбектеніп жүрген қылқалам шеберлер де аз.


Хабарламаларға жазылу