Бельгиялық еріктілер шеберханасына ел риза - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бельгиялық еріктілер шеберханасына ел риза

20.06.2023

«Волонтер» ұғымы Еуропада алғаш 17-ғасырда пайда болды. Соғысқа, әскери қызметке өз еркімен аттанғандарды осылай атады. Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін қираған қарт құрлықты қалпына келтіруге жұмылған жұрттың әрекетінен соң «волонтерлар қозғалысы» құрылып, қызметі жанданды. Бүгінде Еуропада 100 млн ерікті бар. Бельгиялық еріктілер сынып қалған ойыншықтан бастап, ірі техникаға дейін бір тиын алмай жөндеп беріп жатыр. Жалындаған жастар, зейнеттегі қарттар әр айдың сенбі-жексенбісінде осы «жөндеу кафесінде» бас қосады. Еріккеннен емес. Істен шыққан электронды құрылғыларды жөндеп, жыртылған киімдерді жамап, көпшілікке қолдан келген көмегін көрсету үшін.

Этиен Дю Мортие, ерікті:

Мен затты лақтырып тастағаннан гөрі, оны жөндеп қайтадан тұтыну қағидасын ұстанамын. Әрі ешқандай пайданы ойламай, шын көңілмен адамдарға жақсылық жасағанды жақсы көремін. Қоғамға пайдам тиіп, біреуді қуанта алсам мен үшін сол бақыт.

Шеберлердің жөндемейтін заты жоқ. Баланың ойыншығынан бастап, ұялы телефон, компьютер, тоңазытқыш, велосипедке дейін шашып тастап қайта жинап береді. Тұрғындар әкелген заттардың арасында соңғы үлгідегі техникадан бөлек орта ғасырдың аспа шамдары, 80-жылдарда шыққан ескі магнитофондар да бар.

Нұрсұлу Қасым, тілші:

Көппен бірге мен де істен шыққан миксер, араластырғышымды ала келген болатынмын. Жаңа ғана ерікті-маман мұны жөндеп берді. Ризашылығын білдіргісі келгендер еріктілерге шәйға деп түрлі тәттілерін әкеліп беріп жатыр. Мен бауырсақ пісіріп әкелдім. Қазақтың ұлттық тағамынан дәм татсын деген ниетпен.

Тәттілерден бөлек, тігінге қажетті түйме-жіптерді, техниканы жөндеуге керек қосалқы бөлшектерді де сыйға тартуға болады.

Никола Хезибуа, Брюссель қаласының тұрғыны:

Менің үтігім бұзылып қалып, тастауға қимай жүр едім. Мына кісі тегін жөндеп берді. Қуанып тұрмын. Біраз ақшамды үнемдедім. Негізі, тұтынушы тарапынан сұраныс аз болған сайын кәсіпорындар да жаңа техника өндіруді қысқартып, қоршаған ортаны көмірқышқыл газымен ластауды азайтады.

Шеберхананы ашудағы бір мақсат та осы-қоршаған ортаны ластауға жол бермеу. Өйткені БҰҰ мәліметінше, әлемде жылына табиғатқа 50 млн тонна электронды қалдықтар тасталады екен. Бельгиядағы 200 «жөндеу кафесінің»еріктілері былтыр істен шыққан заттардың 70 пайызына қайта жан бітіріп, 37 млн тонна қалдықтың қоршаған ортаға тасталуына кедергі келтірген. «Тұрғындарға, техникаларыңызды, киімдеріңізді лақтырмас бұрын бізге әкеліңіз» - деп өтінген еріктілер жақында мұндай шеберханалардың санын тағы да көбейтеміз деп отыр.

Нұрсұлу Қасым

Хабарламаларға жазылу