Қарағандыда дауыл кезінде жасанды көгал аударылып жарақат алған екі баланың бірі есін жиды. Дәрігерлердің айтуынша, өміріне төнген қауіп жоқ. Оның бас және жақ сүйектері, қолы сынған. Миына зақым келген. Бүгін күрделі операция жасалады. Ал екінші бала ауруханада ем қабылдап жатыр. Дәрігерлер оңалып қалғанын айтты. Балаларды емдеуге және денсаулығын қалпына келтіруге барлық қажетті көмек көрсетіледі.
Ғабит Махамбетов, облыстық бас нейрохирург дәрігері:
Шок жағдайдан шығардық. Қазір баланың жағдайы жақсарды. Есін біледі, сөйлейді. Нейрохирургтар мына маңдай сүйегін сынған орнына қоямыз, төменгі жақ сүйегін орнына қояды, жоғарғы жақ сүйегін де бекітеді. Травматологтар өз жұмысын істейді. Оң қолы сынған баланы да қалпына келтіреді.
Ауладағы жасанды көгалды мердігерлер бір апта бұрын орнатып бастаған. Жұмыс әлі аяқталмапты, сондықтан жиегін ағашпен уақытша бекіткен. Аудан әкімдігі жұмыс жүріп жатқан аумақта қандай да бір қауіпсіздік белгілері болмағанын, жолақты таспа тартылмағанын мәлімдеген. Полиция бұл оқиға бойынша қылмыстық іс қозғады.
Руслан Нұрланұлы