Алматыдағы Іле Алатау ұлттық паркінде тексеріс күшейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыдағы Іле Алатау ұлттық паркінде тексеріс күшейді

19.06.2023

Алматының іргесіндегі Іле Алатау ұлттық паркінде тексеріс күшейді. Өйткені дәл қазіргі уақытта өрт қаупі тым жоғары. Соған қарамастан, кейбір келушілер ас-ауқат әзірлеп, кешқұрым жылыну үшін от жағуды тоқтатар емес.

200 мың гектар аумақтың әр шетіне жайғасып, табиғат аясында демалып жүрген туристерге мамандар қауіпсіздік ережесін қатаң сақтауды тәптіштеп түсіндіріп жүр. Наурыздан бері бас-аяғы 200 рет рейд болған.

Былтыр Қостанай, биыл Абай облысындағы алапат өрттің көпке сабақ болғаны белгілі. Дәл осыны ескерген орманшылар алғашқы қар түскенше от жағуға тыйым салып отыр.

Дархан Исабеков, Іле Алатауы ұлттық табиғи паркі бас директорының орынбасары:

Іле Алатау табиғи паркінің ішкі бұйрығымен 200 мың гектарының барлық жерінде от жағуға тыйым салынды. Іле Алатау паркінде 20 наурыздан бастап өрт қауіпсіздік маусымы белгіленген. Қазіргі таңда 4 сыныпты құрап тұр, өте жоғары деген сөз өрт қауіпсіздігі. Екінші классқа түсті деген кезде біз арнайы белгіленген жерде от жағуға рұқсат береміз. 

Ал арнайы белгіленген жердің саны 54. Бүгін от тұтатқандар шектеудің қойылғанын білмей қалдық дейді. Бұл талапқа бағынбағандарға 345 мың теңге айыппұл салынады. Былтыр 6, биыл наурыздан бері тағы 6 демалушыға от жаққаны үшін жауапкершілікке тартылған.


Әйгерім Ердәулет

Хабарламаларға жазылу