Түркістан облысындағы лагерьдегі шу: Балалардың жазғы демалысы қалай ұйымдастырылып жатыр? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысындағы лагерьдегі шу: Балалардың жазғы демалысы қалай ұйымдастырылып жатыр?

18.06.2023

Балалардың жазғы демалысы басталмай жатып, шуға ұласты. Осы аптада әлеуметтік желілерде Түркістан облысындағы лагерьде түсірілген бейнежазба тарады.

Көргеніңіздей балалар үйлеріне қайтаруды сұрап жылап жүр. Оқиға қоғамның назарын аударғасын жақында ғана тағайындалған бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева аймаққа барыпты. Бірақ, жұмысына енді ғана кіріскен маман мүлде уақыты жоқ екенін айтып, бізге сұхбат бере алмады. Дегенмен, Facebook парақшасына былай жазды:

«Құрметті достар, қазір лагерьде ауысым басында болған 600 баланың 190-ы ғана қалған екен. Қалғанын ата-аналары үйге алып кеткен. Лагерьде балаларға дұрыс жағдай жасалмаған. Ғимараттары өте ескі. Қабырғалардың бояуы опырылып түсіп жатыр. Ас үйде кейбір азық-түлік сақтау нормалары сақталмаған. Дәретханалары далада, қазіргі жағдайы нашар».

Динара Болатқызы лагерьдің бірнеше суретін желіге жүктеді. Оларды қазір сюжетте көрсетеміз. Ал, Қазақстанда қанша лагерь осындай жағдайда? Балалар неге ескі лагерьлерде демалуға мәжбүр? Мәселе жыл сайын көтерілсе де неге шешілмейді?

Тілшіміз Аманкелді Сейтхан бұл сұрақтарды жақында қызметінен босатылған бұрынғы уәкіл Аружан Саинға да қойған. Балалардың жайын жақсы білетін маман көп нәрсені ашып айтты. Лагерьлер ғана емес жыл бойы жұмыс істейтін спорт пен өнер орталықтарының жағдайы да мәз емес екенін жеткізді.

Аружан Саинның кезінде басталған жобалардың бірі спорт және өнер орталықтарын жан басына шаққандағы қаржыландыру еді. Ел ішінде «ARTSPORT» аталып кеткен. Өйткені, жұмыс осы портал арқылы жүргізілді. Бірақ, былтыр сол «ARTSPORT»-қа бөлінген қаржының 1 млрд теңгесі қолды болған. Мұны прокуратура хабарлады. Оған қалай жол берілді? Жалпы, қазақстандық балалар үйірмелер және жазғы демалыспен қалай қамтамасыз етіліп отыр? Аманкелді Сейтханның зерттеуі.

Бұл Түркістан облысындағы елді елеңдеткен лагерь көріністері. Ескі екені түсінікті. Бірақ осындай жерге балалар қалай жіберілген. Уәкіл былай түсіндірді:

Мұндай мәселе неліктен туындайды? Мысалы, Түркістан облысында тек 6 мемлекеттік лагерь бар. Жазғы демалыспен көбірек баланы қамту үшін әкімдіктер жеке меншік лагерлерге мемлекеттік тапсырыс береді. Ал қазір бұның бірыңғай тәсіл, ереже, стандарттары мен талаптары жоқ.

Яғни, демалыс орнының сапасын ешкім тексермейді. Оқу-ағарту министрлігі де. Өйткені, лагерьлерге қойылатын критерийлер заңда жазылмаған.

Ақмарал Мақұлбекова, Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің бас сарапшысы:

Лицензия ештеңе алмайды. Кез келген лагерьге рұқсаттама жоқ. Ол қосымша білім беруге жатады. Олар өздері ашып, кез келген адам өзі ашып жұмыс істей береді.

«Білім туралы» заңға өзгеріс енді енгізілмек. Яғни, лицензия алу талабы қойылмақ. Өйткені, қазір елде 218 лагерь болса, соның жартысы жеке меншік. Мемлекеттік лагерьлер жетіспейді.

Ақмарал Мақұлбекова, Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің бас сарапшысы:

3 жарым млн бала бар. Оған 218 лагерь өте аз. Сондықтан да біздің Үкімет басшысы 50 лагерь құру керек деп тапсырма берген болатын. Сол бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Лагерь жетіспегесін қазір мектептердің қасынан ұйымдастырылып жатыр. Биыл дәл сондай 10 200 лагерь ашылмақ. Мәселен, Астанадағы №59 мектеп жанындағы лагерь 5 маусымда басталып кеткен. Мектепішілік демесеңіз, бұл жерде көп талап сақталған екен.

Гүлмира Ахметова, №59 мектеп жанынан құрылған жазғы лагерь жетекшісі:

Бізде 2 кезеңнен тұрады. 1-ші ауысым және 2-ші ауысымда. 500-ге жуық баланы қамтып отыр. Ата-аналар жағынан өте бізге жақсы пікірлер айтылып жатыр. 1-ші ауысымға келген оқушылар қазір 2-ші ауысымға сұранып жатқан қазір сондай жайымыз бар.

Яғни, балалар да, ата-аналар да жазды бекер өткізгісі келмейді. Сондықтан, кішкентайлар уақытын тиімді пайдалануы үшін оларды түрлі секциялармен қамту маңызды. Бірақ, бұл бағыттағы жұмыстар да көп көңілінен шықпай тұр. Мысалы, бір жарым жылдай бұрын қолға алынған «Artsport» жобасы ойдағыдай жүзеге аспай келеді.

Кәусар Аяпберген, Астана қаласының тұрғыны:

Қазір басқа платформаға ауысып жатыр. Кішкене қиындықтар бар тіркелу жөнінен. Балаларын қосымша басқа секцияларға жазғысы келетіндер үшін орын болмай жатыр.

Мирас Қарабатырдың жеке спорт және өнер орталығы бар. Мұнда қазір 300-дей» бала келіп жүр. Барлығы «Артспорт» арқылы тіркелген. Бірақ, ол мемлекеттік қаржыландыру жүйесінің тиімсіз тұсы ақша уақытылы түспейді, дейді.

Мирас Қарабатыр, жекеменшік спорт және өнер орталығының жетекшісі:

Мысалыға біз мамыр айының қаржысын алған жоқпыз. Барлық қызметшілерге айлықты біз өзіміздің қалтамыздан айлық беріп жатырмыз. Кәсіпкерлерге өте қиын, өйткені, залды жалға алу. Өйткені, басында бізде 800-ден астам бала жаттығу жасап жүрсе, қазір 300-дей бала ғана қалды.

Балалардың азаюына тағы бір себеп - биыл талап өзгерген. Мысалы, бұрын боксқа жазылған бала 1-2 айдан кейін басқа секцияға ауыса алса, қазір тиым салынған. Ал блогер Алмас Тоқабаев «Артспорт» арқылы ауылдағы ұйымдарға қойылатын талап ақылға қонымсыз,-дейді. «Ауыл футбол» деп жоба бастаған ол «Артспорт» арқылы жұмыс істемек болған. Бірақ...

Алмас Тоқабаев, блогер:

Әрбір балаға 1 жарым метр киінетін-шешінетін жер болу керек. Әжетхана, душ іште болуы керек. Біз бірақ келген кезде 600 ауылда жай ғана спорт алаңы жоқ. 1200 ауылда спорт зал жоқ. Сонда олар бұл «Артспорт» қызметіне жүгіне алмайды.

Бекболат Байжанов, Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары:

Талаптар қиын емес. Мұның бәрі балалардың қауіпсіздігі қамтамасыз ету үшін арналған бұйрықтар. Өртке қарсы, камера осындай талаптар қойып шықтық.

Бірақ, бала құқықтары жөніндегі бұрынғы уәкіл Аржан Саинның пікірі мүлде басқа.

Аружан Саин, Бала құқықтары жөніндегі бұрынғы уәкіл:

Министрлік өкілдері мен жергілікті шенеуніктер бірігіп, кәсіпкерлерге орындалмайтын талап қояды. Мысалы, шахмат клубында душ болуы керек деген талап бар. Оның не қажеті бар. Олар осы арқылы «Артспортты» жапқысы келеді. Өйткені, «Артспортта» бәрі ашық. Біз олардың ақша жымқыру жүйесіне тоқтау салдық. Жергілікті билік өкілдері мемлекет қаржысын арқылы бақылаусыз жұмсауға дағдыланған. Мысалы, Алматыда гольф клубын қаржыландырған. Түркістан облысында 5 футбол командасына ақша бөлінеді. Кейбір шенеуніктер жан басына есептеліп бөлінетін ақшаны да бөлісіп аламыз деп ойлаған. Соның салдарынан ұсталды. Өйткені, біз механизмді өзгертпек болдық.

Бағдарлама арқылы қазір 2800 ұйым жұмыс істеп жатыр. Мәдениет және спорт министрлігі өкілі оларды қаржыландыру үшін биыл аймақтарда бөлек-бөлек порталдар ашылады, деді. Неге екенін былай түсіндірді.

Бекболат Байжанов, Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары:

Нарық өзі реттеу керек. Егер біз мемлекеттік бір неге беретін болсақ, бұл айти саласындағы платформалар дамуына кері әсер етеді.

Осы жүйеге қоғамдық мониторинг жасаған Саида Тәуекелева аймақтарда жеке порталдардың ашылуы жемқорлық ықтималдығын көбейтеді, деп есептейді.

Саида Тәуекелева, «Қоғамдық бақылау және мониторинг» РҚБ жетекшісі:

Түрлі платформа арқылы ақша бөлу бақылауды қиындатады. Ал «Артспорт» сияқты ортақ база арқылы бақылау оңай еді. Келесі жылға бюджетті жоспарлауға да мүкіндік береді. Бұл балаларға қатысты болғандықтан мемлекеттік бақылау болғаны жөн.

Осылайша, мемлекет ақшасын бөлуге қатысты тараптар пікір түрлі болып тұр. Ал, түрлі талқылаудан кейін шахмат залында душ болуы керек деген талап алыныпты. Оны естіген Мирас қаржы да уақытылы түсетіндей жағдай жасалса деп үмітті.

Мирас Қарабатыр, жекеменшік спорт және өнер орталығының жетекшісі:

Президентіміздің қолдаған бағдарламасы жүзеге асырылса бізде қаншама балалар кәдімгідей ашылады. Жақында ғана «Артспортпен» дайындалған балалардың 13 бала Щвецияға апарып келдім. 30 мемлекет қатысты. Қазақстан құрамасы 1-ші орын алды.

Демек, нәтиже бар. Айтпақшы, былтыр осы бағдарламаға 80 млрд теңге бөлініп, оның 1 млрдтан астамы қолды болған. Биыл да 80 млрдан астам ақша бөлінбек. Бұл 500 мыңнан астам баланы қамтуға жетеді. Ал, 500 мың деген елдегі балалардың 10 пайызы ғана. Дегенмен, соның өзі тиімді игеріліп, балалар игілігіне жұмсалса, ол да үлкен жеңіс болмақ.


Хабарламаларға жазылу