Жамбыл облысында 147 мыңнан астам бала табиғат аясында демалуда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жамбыл облысында 147 мыңнан астам бала табиғат аясында демалуда

24.07.2014
Жамбыл облысында 147 мыңнан астам бала табиғат аясында демалуда

Биыл Жамбыл облысында 147 мыңнан астам бала жазғы демалысын табиғат аясындағы лагерлерде өткізуде.  Мұндай мүмкіндікке аз қамтылған отбасы мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар да қағылған жоқ.

Бюджеттен  қаражат бөлініп, 17 мыңға жуық баланың сауықтыру орындарында тегін демалуына жағдай жасалған. Бүгінгі таңда олардың жартысынан көбі жайлы тынығып, көтеріңкі көңілмен отбасыларына оралды.

Лагерьге жолдама алғандардың бірі – Мәлика. Өзі  оқу үздігі. Мектептегі шараларға белсене қатысады.

Мәлика Сейдіхан, мектеп оқушысы:

Бос кезде ойнаймыз. Ал, кешке қарай іс-шаралар өтеді. Бұл жердің ауасы өте керемет.

Қазір Мәликамен берге «Рауан» және «Бәйтерек» сауықтыру орындарында 640 бала демалыстарын қызықты көңіл-күймен өткізіп жатыр. Көңілін сергітетін мәдени, спорттық және танымдық негізде түзілген іс-шаралар ұйымдастырылады. Бірі сурет салып, қиялын қағаз бетінде өрнектесе, енді бірі сахнада өнерін танытып жүр.

Бақытжан Темірбай, мектеп оқушысы:

Футбол, баскетбол, волейбол ойнаймыз. Кешке түрлі іс-шараларға белсенді қатысамыз.

Лагерьдегі тәрбиешілер спорттық сауықтыру және мәдени шараларды ұйымдастырумен қатар, балалардың тарихи танымдарын кеңейтуге айрықша көңіл бөліп отыр.

Аида Тоқсанбаева, тәлімгер:

Балаларды лагерден тыс табиғат аясына шығарамыз. Мақсат - балаларды туған елін қадірлеуге, туған жерін сүюге, тарихын білуге терең ұғындыру.

Балалардың жазғы демалысы тамыз айының ортасына дейін жалғаспақ. Балалар лагерьде күндерін көңілді өткізіп қана қоймай, білімдерін толықтыра түспек. Қоғамдық іспен айналысатын халықаралық мектептердің ұстаздары балаларға ағылшын тілін үйретуде.  

Ғани ҚАЛМАХАНОВ

Хабарламаларға жазылу