Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат етті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат етті

17.06.2023

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін Түркістанға жұмыс сапарымен барып, Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат етті. Осы кешен аумағында жерленген тарихи тұлғалардың рухына Құран бағыштады. Президент «Әзірет Сұлтан» тарихи-мәдени музей-қорығындағы ескерткіштерді қалпына келтіру жұмыстарымен танысты. Мемлекет басшысы кесененің тарихи келбетін сақтау жөнінде бірқатар тапсырма берді.

Осыдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың екінші отырысын өткізді. Онда Мемлекет басшысы Қатон-Қарағай, Марқакөл және Мақаншы аудандарын қалпына келтіру туралы шешім қабылдағанын жариялады. Президент тағы қандай маңызды мәлімдеме жасады?

Данияр Қайыртай, тілші:

Ұлытаудан бастау алған Ұлттық Құрылтай отырысы тура бір жылдан соң Түркістанда өтті. Бұл жолғы жиынға «Әділетті Қазақстан – адал азамат» деген айдар тағылды. Оның мәнін Президент өз сөзінде «Әділетті Қазақстанды Адал азаматтар құрады. Бұл – бір-бірімен өте тығыз байланысты ұғымдар» деп түсіндірді.

Мемлекет басшысы елдің жаңа құндылықтарын қалыптастырудың сегіз бағытын атады. Бірінші мәселе – мемлекеттік нышандарды жетілдіру. Себебі «елдің ықпалды болуына ұлттық брендтің әсері мол».

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Алдымен аймақтардың және қалалардың таңбасын бірыңғай үлгіге келтіру керек деп санаймын. Қазір олардың көбінің мазмұны және пішіні – әркелкі. Соған байланысты қоғамда жиі сын да айтылады. Бұл салаға мұқият талдау жасап, ортақ ұстанымдар әзірлеу қажет.

Тағы бір бағыт – ұлттың тарихи сана-сезімін жаңғырту. Бұл жерде археологияның да маңызы зор. Президент Алматыдағы Археология институтының жай-күйін жақсартуды тапсырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Оның қазіргі жағдайы мүшкіл. Мекемені жаңғыртып, оның жұмысына тың серпін беру үшін институтқа барынша жағдай жасау қажет. Оны тиісті ресурстармен қамтамасыз ету керек. Институт жанынан тарихи жәдігерлердің арнайы қорын жасақтаған жөн. Мұндай тәжірибе әлем елдерінде кеңінен таралған.

Ұлт руханиятында ерекше орын алатын Қожа Ахмет Ясауи кесенесі де бай тарихымыздың символы. Осы кесенеге ұлттық мәдени-тарихи ескерткіш мәртебесін беру туралы ұсыныс айтылып жүрген. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл ұсынысты қолдайтынын жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Биыл Қожа Ахмет Ясауидің туғанына 930 жыл толып отыр. Осы орайда, ғұламаның еңбектерін жан-жақты зерттеп, дәріптеу маңызды. «Ясауитану» ғылыми орталығын немесе институтын құру мәселесін ойластыруға болады.

Әр қазақ үшін маңызды әрі ел үшін стратегиялық мәні бар тағы бір мәселе – жер. Президент ара-тұра айтылып қалатын «Жеріміз шетелдіктерге сатылып жатыр» деген жалған ақпаратты таратуды доғару керек, деді. Себебі «түбегейлі шешім әлдеқашан қабылданып, заңмен біржола бекітілген». Шекара маңындағы ауылдардың ахуалы да жердің тұтастығына және елдің амандығына тікелей ықпал етеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Шекара шетіндегі кейбір елді мекенде халық саны күрт азайып кетті. Бұған бір кездегі аудандарды біріктіру жөніндегі шешімдер де ықпал еткені сөзсіз. Мен Қатон-Қарағай, Марқакөл және Мақаншы аудандарын қалпына келтіру туралы негізгі шешімді қабылдадым. Тиісті жұмыстың бәрін биыл аяқтап, алдағы екі жылдың ішінде осы үш ауданды қалпына келтіре бастаймыз.

Президент «басшылық құрамды жаңарту жұмысы жалғасын табады» деп кадрлық ауыс-түйістерді аңдатты. Әрі мемлекеттік қызметкерлердің бойынан кәсібилік пен отаншылдық қасиеттері табылуы керек, деді. Жағымпаздықтан аулақ болуға үндеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Олардың Президенттің жеке басына адалдығы мен үшін маңызды емес. Мемлекет басшысын мадақтаудан гөрі жұмысты адал атқарып, халықтың алдында абыройлы болу әлдеқайда маңызды. Барлық мемлекеттік қызметшілерге осыны айтқым келеді.

Данияр Қайыртай, тілші:

Бұл да Президент бүгін жариялаған «Адал азамат» тұжырымының аясына сыйып кетеді. Қ.Тоқаев мемекеттік аппарат өкілдерінің сана-сезімін өзгерту керек дегенде де сол адалдықты меңзеп отыр... Ал Ұлттық құрылтайдың ендігі отырысы Атырау облысында өтеді. Осы аймақтағы әйгілі Сарайшық қаласында атақты хандарымыз ордасын тіккені тарихтан белгілі. Осылайша Құрылтайды өткізетін орынды таңдауда да бірізді дәстүр қалыптаспақ.

Данияр Қайыртай


Хабарламаларға жазылу