Грекия маңында аударылған қайықта 100 бала болған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Грекия маңында аударылған қайықта 100 бала болған

16.06.2023

Грекия маңында аударылып қалған қайықта 100 шақты бала болған. Арада екі күн өтті. Олардың тағдыры белгісіз. Сонымен қатар жүздеген мигрант жоғалып кетті. Осы трагедияға байланысты жергілікті үкімет алдағы үш күнді қаралы деп жариялады. Тақырыпты тілшіміз жалғастырады.

Бұл балықшылар қайығы гректің Пилос қаласынан 80 шақырым жерде аударылып қалды. Оған тым көп адам мінді. Кейбір мәліметтерге қарағанда, бортта шамамен 750-дей мигрант болған. Солардың 104-і ғана құтқарылды. 80-ге жуығының өлгені расталды. Қалғандары іздестіріліп жатыр. Жоғалғандардың қатарында сириялық Кассем Әбузидтің әйелі де бар. Жұбайы жайлы хабар алу үшін Әбузид Германиядан Грекияға ұшып барды.

Кассем Әбузид, жоғалған әйелдің күйеуі:

Өзім жұмыс істейтін Германияға әйелімді әкетуге рұқсат ала алмадым. Өтініш ұзақ уақыт мақұлданбады. Соған қарамастан, жұбайым осы қайықпен Еуропаға жету үшін 4 жарым мың доллар төледі.

Грекия ақпарат құралдарының хабарлауынша, қайық Мысырдан бос күйінде сапарға аттанған. Ал Ливияның Тобрук қаласына оған жүздеген мигрант мініп, Италияға жол тартыпты. Құтқарылғандардың сөзінше, бортта 100 шақты бала болды. Екі күн өтті. Олардың тағдыры да әлі белгісіз.

Эразмия Румана, БҰҰ-ның Босқындар ісі жөніндегі жоғарғы комиссары:

Біз олардың көп күн бойы өте қиын жағдайда саяхаттағанын түсінеміз. Бұны өздеріңіз фотосуреттерден көрдіңіз. Олар бір сәтте мотордың сынғанын хабарлау үшін қоңырау шалған. Халық аузынан естіген жайттар осындай. Қайықтағы 750-дей адамның көпшілігі - ер адамдар, бірақ жолаушылардың ішінде әйелдер мен балалар да болғанын естідік.

Грекияның жағалау күзеті апат болған жерге ертерек жетпегені үшін қазір үлкен сынға ұшырап отыр. Алайда, жергілікті үкіметтің мәлімдеуінше, мигранттар ұсынылған көмектен өздері бас тартқан.

Теңіздегі трагедияға байланысты елде алдағы үш күн қаралы деп жарияланды. Сондықтан маусымның 25-де өтетін парламенттік сайлау қарсаңындағы үгіт-насихат науқаны сап тыйылып отыр.

Соңғы мәліметке қарағанда, сұмдық апатқа кінәлі деген күдікпен 9 адам ұсталды. Солардың ішінде мысырлықтар да бар.

Арыстан Рысбек


Хабарламаларға жазылу