Еуропалық Одақ пен Орталық Азия елдері ынтымақтастығын күшейтудегі Қазақстанның рөлі Брюссельде өткен басқосуда талқыланды. «Euroactiv» медиапорталында өткен гибридті жиынға Еуропалық комиссия өкілдері, қазақстандық дипломаттар мен тәуелсіз сарапшылар қатысты. Шетелдік сыншылардың пайымынша, геосаяси ахуалдың ушығуы ЕуроОдақтың Орталық Азия елдеріне, әсіресе Қазақстанға деген қызығушылығын арттырды. «Қазақтың мұнайы мен шикізатын импорттауды көбейту, «жасыл сутегі» құны саласындағы стретегиялық әріптестік туралы меморандумға қол қою соның дәлелі», — дейді сарапшылар.
Петерис Устубс, Еуропалық комиссия дирекциясының Таяу Шығыс, Азия және Тынық мұхиты бойынша директоры:
Біз қазір энергия, су, шикізат материалдары, жасыл сутегі, көлік дәлізі, сандық технология бойынша байланысты бекемдеуге кірісіп кеттік. ЕуроОдақ Қазақстанмен, Орталық Азияның әр мемлекетімен ынтымақты одан сайын арттыруға ниетті.
Георгий Готев, тәуелсіз сарапшы:
Қазақстанда қазір түбегейлі өзгерістер болуда. Елдеріңіз аймақтың көшбасшысы екені баршаға аян. Халықтың жағдайын жақсарту үшін ауқымды істер жасалуда. Тың бастамаларды ілгерілету үшін АҚШ, ЕуроОдақ сынды геосаяси күштермен ынтымақты арттыру ел халқы үшін аса маңызды.
Нұрсұлу Қасым