Еуропа елдерінде 14 млн адам жұмыссыз - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еуропа елдерінде 14 млн адам жұмыссыз

14.06.2023

Еуропа елдерінде 14 млндай адам жұмыссыз. «Екі қолға бір күрек таппай жүргендерден гөрі, жалақыны місе тұтпай үйде отырғандар» басым дейді сарапшылар. Яғни мұнда вакансия көп, бірақ, жұмыс істейтін адам жоқ. Бүгінде 70 мамандық бойынша кадр тапшы.

Нұрсұлу Қасым, тілші:

Машина жасау зауытына инженер, мектепке мұғалім, ауруханаға дәрігер мен медбике керек». Еуропаның мерзімді басылымдары мен әлеуметтік желілерде осындай хабарландырулардан көз сүрінеді. Пандемия психологтарға деген сұранысты арттырған. Швеция, Норвегия, Финляндияға қазір 18 мың психолог қажет.

2 млн-нан астам жұмыссыз тіркелген Германияда да 1 млн вакансия бос тұр. Экономикасы қуатты ел IT маман, эколог, экономист, құрылысшы, жүк көлігін жүргізушілерге зәру. Қазірдің өзінде елде 50 мың жүк көлігін жүргізуші тапшы. Зейнетке шыққандардың орнын жастармен толтыру оңай болмай тұр.

Николя Сэдман, Германия азаматы:

Мен кеңседе отырып істейтін қызмет болмаса, қара жұмысшы болғым келмейді. Онсызда жүйкеміз жұқарған заманда, ауыр өнеркәсіпте істеу денсаулығыңды жоғалту деген сөз.

Брукл Урон, тіс дәрігері:

Мен жалақысы айына кем дегенде 3000-4000 еуро болатын жұмыс іздеп жүрмін. Бірақ, мұндағы компаниялар маған 1300 еуро жалақы ұсынады. Еңбек мигранттары алатын мардымсыз жалақыға жұмыс істегім келмейді.

Жұмыс берушілер Бруклге ұсынған 1300 еуро айлық, бізше 622 мың теңге. Оны місе тұтпай отырған Бельгия жастары құдды мына құрбақалар сынды, үкіметке ауыздарын ашып отыр. Еріншектердің көбейгеніне еңбек министрлігіндегілер алаңдаулы.

Крис Клейхн, әлеуметтік қорғау департаментінің қызметкер:

Жастар таза, жылы кеңседе отырып, жоғарғы айлық алғысы келеді. Ондай жағдай жасалмаса, үкіметтен жұмыссыздық үшін 900 еуродай жәрдемақы алып, жата береді. Енді мұндай жалқаулыққа жол берілмейді. Себебі Еуропалық комиссия бізден шығындарды азайтуды, масылдықпен күресуді талап етіп отыр.

Батыс Еуропа елдерінің басшылары «Еңбек миграциясы» туралы заңға өзгерту енгізуді ұсынуда. Себебі, қазір бос тұрған жұмыс орындарын шетелдік жұмыс күшінің есебінен толтырмаса, амал жоқ. 2030-жылға қарай Еуропада еңбекке қабілетті азаматтардың саны 14 млн адамға қысқарады. Белсенді жастардың азайып, қарттардың көбеюі кәрі құрлықтың еңбек нарығында алапат дағдарысқа әкелуі мүмкін. Зейнетақы төлеуді де қиындатады дейді сарапшылар. Сондықтан Еуропа елдері зейнетке шығу жасын 2030 жылға қарай қазіргі 65-тен 67 жасқа көтеруді көздеп отыр.

Нұрсұлу Қасым

Хабарламаларға жазылу