Мәскеуде Ресей қазақтарының жиыны өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мәскеуде Ресей қазақтарының жиыны өтті

13.06.2023

Мәскеуде Ресей қазақтарының жиыны өтті. Ауқымды шараға көрші елдегі 85 өңірден қандастарымыз, 50-ге жуық ұлттық ұйым қатысты. Кездесуде отандастарымызды толғандырған түрлі мәселелер көтеріліп, өзекті сұрақтар талқыланды. Сонымен қатар жастар арасында ұлттық командалар жасақтау, «Ақсақалдар» кеңесін құру сияқты шешімдер қабылданды.

Камчаткадан Санкт-Петербургке дейін  Ресейдің барлық өңірінен келген қандастарымыздың мақсаты бір — ұлттық кодымызды сақтап, тілімізді, дәстүрімізді насихаттау. Бұл Ресей қазақтарының басын қосқан соңғы 15 жылдағы алғашқы кездесу.

Жиын ашық ой, бүкпесіз пікір алаңына айналды. Астрахан және Орынбордан келген қандастарымыз назын жеткізді. Бұл өңірлерден Қазақстанға тіке ұшақ ұшпайды. Астана, Алматы қалаларына әуе рейстері ашылса Қазақстанмен байланыс күшейе түсер еді. Жиында көтерілген тағы бір мәселе — қазақ тіліндегі кітаптардың санын аттыру. Өйткені ана тілін үйренуге құлшынысы бар азаматтардың саны артып келеді.

 Сәуле Тайкешова, «Қазақ тілі » қоғамының Ресейдегі өкілі: 

Тілге деген қызығушылық соңғы кезде өте маңызды орын алып тұр. Соңғы бес жылда қазақ тілі қоғамы Ресей өңірінде дөңгелек үстел өткізіп, тілге арналған және мәдениетімізді насихаттап жүрген көптеген жобаларды нәтижелі жобаларды жүргізіп жатыр.

2021 жылғы санақ бойынша Ресейде 600 мыңға жуық қазақ тұрады. Одан бөлек уақытша жұмыс істеп жатқандар, студенттердің саны 300 мыңға таяу. Шеттегі қандастарымыз сан қырлы, сапалы жобаларды бірлесе жүзеге асыруға ниетті.

Абзал Сапарбекұлы,  «Отандастар» қорының президенті:

Бүгінгі жиында негізгі талқыланған мәселе — Ресейдегі қазақ ұйымдары мен белсенділерінің арасындағы өзара ынтымақтастық мәселесі. Өздерінің жасап жатқан жобалары жөнінде тәжірибе бөлісу. Сонымен қатар «Отандастар» қорымен, жалпы Қазақстанмен мәдени-гуманитарлық байланысты дамыту бойынша ұсыныстар енгізілді.

 Сондай-ақ «Отандастар» қоры «Ұлы Дала» жобасының басталғанын жариялады. Яғни енді шеттегі қандастардың мемуар, әңгіме, проза, поэзия жанрындағы шығармалары мен ғылыми зерттеулері қазақ және орыс тілдерінде басып шығарылады. Жиынға келгендер осындай ауқымды деңгейдегі басқосуды жиі ұйымдастырып тұруға уағдаласты.


Индира Бегайдар

Хабарламаларға жазылу