Атырау өңірінде тауарлы балық өсіру шаруашылығы дамып келеді. Табысты кәсіп түрімен әзірге 4 мекеме айналысып жатыр. Олар тек ішкі нарықтағы сұранысты қамту үшін жұмыс істейді. Берекелі бастаманың нәтижесінде отандық өнімнің үлесі артып, тіпті, жойылудың аз-ақ алдында тұрған бекіре тұқымдас балық түрлері де бәріне бірдей қолжетімді болады.
Тоғанда шоршып жүрген бекіренің күтімі Мерекенің мойнында. 20 жылдық тәжірибесі бар маман бағалы балықты бағу қиын дейді. Оған баладай бап керек. Салмағына қарай арнайы жем беріледі. Суы да құнарлы болуы тиіс.
Мереке Қаюпов, балық өсіруші:
Альпа-бронзе. Шетелден аламыз. Шабақтарға беріп жатырмыз. Күніне 8 мәрте береміз. Басқа жем беруге болмайды, өзінің арнайы жемі бар.
Шаруашылықтағы тоғандар автоматтандырылған. Қазір мұнда бекіре тұқымдас балық 60 тоннадан асады. Қортпа, орыс, сібір бекіресі мен сүйрік сияқты 4 түрі өсіріледі.
Жандос Темірғали, тілші:
Қазір менің қолымда 5 жылдық бекіре тұқымдас сүйрік балығы. Іші толған уылдырық. Сол үшін оны өзге тоғанға ауыстырып жатыр. Шамамен бір айдан кейін, бұдан жиырма мыңдай шабақ алынады.
Сапалы балғын өнім тек ішкі нарыққа ғана жұмсалады. Қазірден сұраныс жоғары. Тоғанды шаруашылық жылына 1000 келі азықтық қара уылдырық пен 10 тонна бекіре етін саудаға шығаруға қауқарлы. Кәсіпорынға Жайық пен Каспийден нәр алған жергілікті бағалы балық жетпей жатыр. Ауланғанын үлестіретін кооперативтерде арнайы ереже жоқ. Бағасы да бекітілмеген.
Ахат Ниматов, бекіре зауытының бас балық өсірушісі:
Уылдырығын алған балықты Каспийге жібермей-ақ қойыңыз. Бізге беріңізші, сатып алайық. Сатып алсақ, біз ол балықтарға қолдан тамақ беріп, үйретіп, олардан 2-3 жылдан кейін қайтадан өнім алатындай жұмыс істер едік. Солармен будандастырса, иммунитеті күшейеді.
Шаруашылық табиғи ортадан жабайы бекіре алу үшін еңбектеніп жатқанын айтады. Егер жоспар сәтті жүзеге асса өндіріс қуатын арттыру көзделген. Өңірдегі өзге шаруашылықтар карп, көксерке, ақ балық пен дөңмаңдай өсіріп жатыр. Өнімі алдағы 2-3 жылда нарыққа шығарылады.
Жандос Темірғали