Президенттік сайлаудан кейін Түркияда экономика мәселесі күн тәртібіне қайта шықты. Инфляция күшейіп, лира әлсіреп барады. Өткен аптада қайта сайланған президент Режеп Тайып Ердоған жаңа министрлер кабинетіне экономиканы тез арада тұрақтандыруға тапсырма берді. Құрылғанына жүз жыл толған Түркия қайтадан экономикалық серпіліс жасай ала ма?
Айдос Әшімұлы, тілші:
Үлкен саясатқа ерте араласқан Ердоған 1994 жылы 40 жасында Стамбұл қаласының әкімі болып сайланды. Сол жылдары мегаполисте қоқыс шығару мен ауыз су үлкен проблемаға айналған еді. Ердоған осы екі мәселені аз уақытта шешіп халықтың ризалығына бөленді. 4 жыл әкім болған тұсында ол Стамбұлда 50-ден аса көпір мен жол айрықтарын салып кептеліс мәселесін де оңтайландырды. Осыдан кейін халық Ердоғанды жұмыстың ыңғайын білетін, реформатор ретінде таныды.
Кейінірек өзі партия құрып, сайлауға түскенде халық жаңашыл саясаткерді жаппай қолдады. 2003 жылы алғаш рет премьер-министр болып сайланған Ердоған инфрақұрылымды дамытып, экономиканы әртараптандыруға баса көңіл бөлді. Мамандар халық биылғы сайлауда Ердоғанның 20 жылдағы жұмысына дауыс берді дейді.
Нұр Синем Коуроу, саясаттанушы:
Түркия халқы бұл сайлауда өзгерісті емес, тұрақтылықты таңдады. АК партия ең алғаш 2003 жылы сайлауға түскенде дәл қазіргідей экономикалық жағдай мәз емес еді. Дегенмен Ердоған сол кезде берген уәделерінің көпшілігін орындады. Халық сондықтан да оған сенім артып отыр. Тіпті жер сілкінген облыстардың көпшілігі осы сайлауда Ердоғанды қолдады.
Сайлаудан соң Ердоған министрлер кабинетін түгелге жуық ауыстырды. 15 министрдің 13-і жаңа тағайындалды. Жаңа үкіметтің алдына аз уақытта экономиканы тұрақтандырып, лираны күшейту талабы қойылды. Себебі халық биліктен түбегейлі реформалар күтіп отыр.
Месут Көсе, экономист:
Ердоған бұған дейін де түрлі дағдарыстарды оңтайлы еңсергенін білеміз. Ол тіпті кейде ақылға сыймайтын шешімдер шығарып, сол арқылы жағдайды түзей алады. Қазір халық одан осындай бір ірі реформа күтіп отыр. Алдағы екі-үш айда біз нақты өзгерістерді сеземіз деп ойлаймын.
Жаңа үкіметтің алдында шешімін күтіп тұрған мәселе аз емес. 4 ай бұрынғы жер сілкінісінен қираған 11 облысты қалпына келтіру, сириялық босқындарды еліне қайтару және экономиканы күшейту сияқты түйткілді мәселелер бар. Ал осы аптада түрік лирасы күрт құлдырап, 1 доллар 24 лирадан сатыла бастады.
Айдос Әшімұлы