Бүгін Мәжілістің жаңа құрамы жасақталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгін Мәжілістің жаңа құрамы жасақталды

28.03.2023

Бүгін Мәжілістің жаңа құрамы жасақталды. Сайлауда 5 пайыздан артық дауыс жинаған 6 партия, төменгі палатаға баратын депутаттардың тізімін жариялады. Көп партиялы парламентте бәсеке артып, плюрализм алаңына айнала ала ма? Жаңа шақырылымға қатысты сарапшы пікірі қандай? Халық не дейді?

Досжан Маратұлы, тілші:

Сайлауды өткіздік. Мәжіліске баратын партияларды анықтадық. Төменгі палатаға үйреншікті үш партия емес, 6 саяси ұйым өкілдері барады. Көп партиялы болған парламентке тізім бойынша депутат болатындардың есімдері жарияланды.

Сонымен төменгі палатадағы 98 орынның 40-ығына сайлауда көп дауыс жинаған «Аманаттықтар» жайғасады. Депутат болғандардың тізімінде қоғам белсенділерінен бастап, бұрынғы Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов, айтыскер Ринат Зайытов, белгілі журналистер Мақсат Толықбай мен Нартай Аралбайұлы және Максим Рожин бар.

Ал «Ауыл» партиясы 8 мандат алды. Арасында президенттікке кандидат болған Жигули Дайрабаев пен Қарақат Әбден бар.

Қазақстан халық партиясына 5 орын берілген. Тізім бойынша өткендердің ішінде бірнеше шақырылым депутат болған Маггеррам Магеррамов пен Ирина Смирновадан бөлек тағы үш адам депутат болған.

Ал «Ақжол» партиясына 6 мандат бұйырды. Депутат болғандардың тізімінде Дания Еспаева, Қазыбек Иса және Азат Перуашевты көруге болады.

«Respublica» партиясында да 6 мандат. Олардан Айдарбек Қожаназаров, Руслан Берденов секілді азаматтар депутат болған.

Ал Жалпыұлттық социал-демократиялық паритясынан 4 адам депутат болды. Олар Нұрлан Әуесбаев, Асхат Рақымжанов, Ажар Сағындықова және Наурыз Сайлаубай.

Ал осы депутаттар ешкімнен қаймықпай мұқым елдің мұңын биік мінберден жеткізе ала ма? Сарапшылар бұған еш күмән келтірмейді. Айтуларынша парламент қызу пікірталасқа толы плюрализм алаңына айналады. Бірақ кейбір депутаттарға бас кезінде саяси тәжірибе жетіспеуі мүмкін.

Ермек Тоқтаров, саясаттанушы:

Қаншалықты азаматтардың мүддесін саяси тілге аударып, қаншалықты оны көрсетіп, дәлелдеп, қорғай алады? Тек қана осы мәселелерді көтеріп, айту жеткіліксіз. Оны нақты саяси шешімдерге аудару керек. Олар бұл жұмысты қаншалықты жүзеге асыра алады бұл өте үлкен сұрақ. Өйткені кейбірінің мүлдем тәжірибесі жоқ. Енді ғана саясатқа келіп жатыр.

Сарапшының бұлай деуі орынды. Парламентке партиялық тізіммен ғана емес, өзін-өзі ұсынып та депутат болғандар бар. Олардың арасында спортшы Ардақ Назаров, Дәулет Тұрлыханов, блогер Дәулет Мұқаев секілді елге белгілі азаматтарды көруге болады. Бүгін жұрт оларға сәттілік тілеп, кеңестерін айтты.

Досжан Маратұлы, тілші:

Жаңа Мәжіліс депутаттарына артылар жүк ауыр. Ертең олар сенаторлармен бірлескен алғашқы отырысқа қатысады. Кейін конститутция бойынша қазіргі Үкімет отставкаға кетуі тиіс. Ал оны қайта жасақтауға депутаттар атсалыспақ. Халықаралық тәжірибеде де «Жаңа парламент жаңа үкіметті жасақтайды» деген бар.

Досжан Маратұлы

Хабарламаларға жазылу