Жыл басынан бері елімізде 45 адам суға кетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жыл басынан бері елімізде 45 адам суға кетті

06.06.2023

Жыл басынан бері елімізде 45 адам суға кетіп қаза тапты. Оның 14-і бала. Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин үкімет отырысында осылай деді. Соңғы 5 күннің өзінде 17 адам суға батып кеткен. Қазір шомылу маусымына дайындық қызу жүріп жатыр. Алайда қауіпсіздікті толық қамтамасыз ету мүмкін болмай тұр. Еліміз бойынша қазір 500-ге жуық суға шомылу орны белгіленген. Оның 180-інде медициналық көмек көрсету пункті жоқ, балаларды шомылдыруға жағдай жасалмаған. Жаңадан құрылған Абай, Ұлытау, Жетісу облыстарында мұндай тізім де жасалмаған. Яғни дем алушылардың қауіпсіздігі толық қамтамасыз етілмеген.

Юрий Ильин, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:

Бұл жағажайлар біз үшін аздық етеді. Рұқсат етілген суға шомылу орындарын кемі 15-20 пайызға көбейтуіміз керек. Статистиканың өзі көрсеткендей көп адам рұқсат етілмеген жерде шомылып жүріп батып кетеді. Сондықтан қауіпсіздік шаралары қаралған орындарды жасақтау өте маңызды.

Тіпті, рұқсат етілген орындарда құтқарушы медициналық пункті болғанымен батып бара жатқан адамға жылдам жету мүмкін емес. Құтқарушыларда моторлы қайық тапшы.

Марат Қарабаев, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:

Арнайы су нормаларында көзделген шағын кемелердің 18 бірлігінің ішінде тек 9 кеме ғана бар. Мәселені шешу үшін ағымдағы жылы 4 моторлы қайық сатып алынады. Және 24 жылға арналған бюджетте су көлігінің тағы 5 кемесін сатып алу жоспарланған.

Жүргізілген сараптама бойынша суға батқандардың 70 пайызы мас күйінде шомылғаны анықталған. Сондықтан жағажайларда алкогольді ішімдік тұтынуға тыйым салу мәселесі де көтерілді жиында.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:

Өкінішке орай елімізде жыл сайын 300 ге жуық адам суға кетіп қайтыс болып отыр. Олардың 100-ге жуығы балалар. Бұл қабылданып жатқан шаралардың жеткіліксіз екенін көрсетіп отыр.

Үкімет басшысы жауапты министрліктер мен облыстық әкімдіктерге шомылу маусымына дайындықты жеделдетуді тапсырды. Ал медициналық пункті мен құтқарушыларды қоя алмайтын ауылдық жерлерде түсіндіру жұмыстарына ерекше мән беру керек деді.

Оңғар Алпысбайұлы


Хабарламаларға жазылу