Жетісу облысында аэроғарыштық зерттеу барысында ауылшаруашылық мақсатындағы 860 мың гектар жердің пайдаланылмай жатқаны анықталды. Жыл басынан 65 мың гектарға жуығы мемлекет меншігіне қайтарылды. Алайда осы қайтарылған жерге қарапайым халық әлі қол жеткізе алмай отыр. Өңірде мал жаятын жер тапшы, дән себу науқаны да аяқталып барады. Қайтарылған жерді алып өңдеймін, игеремін деген халыққа тарату жұмыстарын жылдамдату үшін облыстық прокуратура араласуға мәжбүр.
Алакөл ауданына қарасты Қабанбай ауылының тұрғыны Ілес Нүсіптің 50-ге жуық сиыры, қой мен жылқысы бар. Малдың бәрін қорада қамап ұстауға мәжбүр. Шаруа жайылым болмаса да қысқа мал азығын дайындайтын шабындық жер алғысы келеді.
Ілес Нүсіп, Қабанбай ауылының тұрғыны:
Маған бір 150 гектар шабындық жер болса деп ойлаймын. Осының болмаса жем-шөбін алатындай. Бір арба шөпті 50 мың теңгеден аламыз. Сонда елу басқа 50 арба шөп кетеді. Конкурсқа қатысқымыз келеді. Жылда үміттендіріп қойып, құрғақ уәде береді. Жылда айтады, жылда жоқ әйтеуір.
Аудан басшылығы былтыр 26 мың гектар жерді мемлекет меншігіне қайтарған. Биыл төрт айда 15 400 гектар жер мемлекетке өтті. Қосымша 1,5 мың гектар бойынша сот шешімі шығу керек. Алайда «ұзақ жылдар бойы игерілмей жатқан жайылым иелері малы бар шаруалармен ауыз жаласып, қитұрқы әрекетке барады» дейді тұрғындар.
Жайыл Абдрахманов, Қамысқала ауылының тұрғыны:
15 жыл пайдаланбаған жерді әйтеуір неше түрлі қулық жасайды ғой. Осы аудандағы бір крестьянмен біріге жұмыс істейтінін алға тартуда.
Мадияр Басшыбаев, Облыс прокуроры:
Бүкіл пайдаланбай жатқан жерді мемлекетке қайтарамыз деген кезде, әрине жалғыз бұл кісі ғана емес, бәрі осындай қулыққа барып алды.
Қадағалаушы орган мұндай заңды айналып өту фактілерін жіті тексеретін болады. Ал облыс бойынша биыл 220 мың гектар мемлекет меншігіне қайтарылуы тиіс.
Қуаныш Қанатұлы