Жетісу облысында пайдаланылмай жатқан 850 мың гектардан астам жер анықталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жетісу облысында пайдаланылмай жатқан 850 мың гектардан астам жер анықталды

17.01.2023

Жетісу облысында пайдаланылмай жатқан 850 мың гектардан астам жер анықталды. Ал жайылымның жоқтығынан ауылдағы ағайынның малы қораға байлаулы. 

Ескелді ауданындағы жайылым мен егістік жерлері кезінде бір шаруашылық еншісінде кеткен. Сондықтан қазір ауыл тұрғындарының не дән себер, не мал бағар жері жоқ. Олардың қатарында 30 жыл сауыншы болып жұмыс істеген Айғайша Бұлымбаева да бар.

Айғайша Бұлымбаева, ауыл тұрғыны:
Жерім сол, 20-ақ сотық жер. 30 жыл стажбенен пенсияға шыққанымда жұлдыз санап жүрмін бе аспанда?
Алтай Батырбаев, ауыл тұрғыны:
Біздің мына сұрайтынымыз, адал адамды жіберсінші. Келіп тексерсін. Қай жер қайда кетті. Біз осыны талай айтып та жатырмыз.

Былтыр Жетісу облысында игерілмей жатқан 130 мың гектардан астам жер қайтарылды. Оның 6 мың гектары суармалы егістік болса, 300 гектары шабындық. Қалғаны жайылым. Қайтарылған алқаптар мен өрістер байқау арқылы басқа шаруаларға беріледі. Сондай-ақ ауыл маңындағы жайылым мәселесін шешу көзделген.

Әлібек Жақанбаев, облыс әкімінің орынбасары:
Біз осы қайтарылған жерлерді елдімекеннің бес километр радиусында ауылдық округтердің балансына берейік деп отырмыз.

Тиісті процедуралардан кейін облыста биыл тағы 220 мың гектар жер мемлекетке қайтарылмақ. Жергілікті биліктің мәліметі бойынша, дән сеуіп мал бағам деген жұрт, қай жер бос екенін ақпараттық геопортал арқылы біле алады.

Қуаныш Қанатұлы


Хабарламаларға жазылу